Интернет жоқ жерде көлік құжаттары радиобайланыспен тексеріледі

Көлік жүргізушілерінен куәлік пен темір тұлпардың құжатын сұратқан полицейлерді енді сотқа тартуға болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

13 ақпаннан бастап күшіне енетін заңда осындай мүмкіндік қарастырылған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі ұйымдастырылған онлайн брифингте айтылды. Бұдан былай жолдағы тәртіпті реттейтін сақшылар арнайы бағдарлама орнатылған планшетті қолдануға міндетті. Оның көмегімен жүргізушінің тұлғасын, куәлігінің бар-жоғы, көлікке қатысты деректерді анықтауға болады. Құзырлы ведомство хабарлағандай, бұл мақсатта 9 мың құрылғы алынып, барлығы ортақ ақпараттық жүйеге қосылған. Осылайша, қазақстандықтар жүргізуші куәлігінсіз жолға шыға алады. Тек бұл ереже елде тіркелмеген көліктерге немесе көлік жүргізу куәлігі шетелдік жүргізушілерге тарамайды. Әкімшілік полиция комитетінің өкілі интернет байланысы нашар елді мекендердегі тексеріске қатысты түсініктеме берді.

Серік Түсіпов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:

- Алдағы уақытта елдің аумағы 100% интернет желісімен қамтылады. Мемлекеттік құзырлы орган бұл істі аяғына жеткізеді деп сенеміз. Әзірге интернеті жоқ аймақтардағы көліктерді радиобайланыс арқылы тексереміз.