Павлодарда коммуналдық апаттың салдары жойылған жоқ

Павлодар қаласында су құбыры жарылып, бірнеше көшені су басты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түнгі уақытта болған коммуналдық апаттың салдары әлі де болса жойылған жоқ. Қазіргі уақытта мамандар жөндеу жұмыстарын қолға алып, суды сорғызу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Түнгі уақытта судың құдықтан ағып кеткені белгілі болды. Соның салдарынан алдымен 37 көп қабатты үй мен тағы сегіз ғимарат жүйеден ажыратылды. Суық су баспаналардың жертөлелеріне де кіріп кеткен.

Сергей Скляров, қала тұрғыны:

- Су бірінші қабатқа жете жаздады. Менің пәтеріме кіре қойған жоқ. Мамандар түні бойы суды сорғызып жатыр. Мұндай апат бұрын-соңды болмаған. Жуық арада жөнделетін шығар.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Коммуналдық апат кеше түнгі уақытта дәл осы жерде болды. Мамандардың айтуынша, 500 милиметрлік су құбырында ақау анықталған. Нақтырақ айтқанда, арматуралық құрал сынып қалған. Салдарынан осы жердегі бірнеше көше суға толып кетті. Ресми мәліметтерге сүйенсек, бұл желі соңғы 20 жылдан бері ауыстырылмаған.

Апаттық бригадалар таңға дейін суды сорңызу жұмыстарын жүргізді. Ең бастысы, ақау орны анықталды. Коммуналдық мекеме жұмысшылары асфальт төсемесін бұзып, су құбырын реттейтін құралды ауыстыруы керек.

Игорь Рыбас, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Су беру параметрлері төмендеген. Яғни, үшінші қабатқа дейінгі пәтерлерге су берілсе, жоғарыдағы үйлерге жетпей қалды. Енді бұл баспаналарды басқа желіге қосамыз. Әзірге төрт үй тіршілік нәрінен қағылды. Қалған 18 үйге су қалыпты режимде беріледі.

Жөндеу жұмыстарына кешке дейін аяқталуы тиіс. Ал апат маңындағы үй тұрғындарына алдағы уақытта ауыз су тасымалы ұйымдастырылады.

Валерий Рудницкий, су тарату ұйымының өкілі:

- Апат салдарын жойып, жүйені қалпына келтіруге бір тәулікке жуық уақыт керек. Ертең таңертеңге дейін аяқтауымыз керек. Су құбырындағы бекітпе сынып қалды. Соңғы бірнеше күнде ауа температурасы өзгере берді. Сондықтан бекітпе шыдас бермеген. Енді ескісін жаңартуымыз қажет.

Коммуналдық апат салдарынан көлік қозғалысы да тоқтатылды. Сала мамандары қар тазалау жұмыстарын қатар жүргізіп жатыр.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат