Елордада 719 медицина қызметкеріне вакцина салынды

Елордада 719 медицина қызметкеріне коронавиурсқа қарсы вакцина салынды.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов осылай деді. Оның айтуынша, бұл – осы уақытқа жоспарланған көрсеткіштің 78%-і. Жалпы ақпан айының бірі мен сегізі аралығында 916 адамға екпе егілуі тиіс еді. «Бірінші кезекте вакцина вирус жұқтыру қаупі жоғары санатқа жататын мамандарға салынады», - деді басқарма басшысы. Бұл – жұқпалы аурулар ауруханалары, жедел жәрдем, алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдары, көпсалалы ауруханалардың қабылдау бөлімдерінің қызметерлері.

Тимур Мұратов, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Вакцинация ерікті түрде, әр адамның екпе алу-алмау құқығын сақтай отырып жасалады. Бүгінде Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қоймасында КВИ-ға қарсы вакцинаның 1531 дозасы бар. Еске салайық, тұрақты профилактикалық егулерге және уақытша медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарға КВИ-ға қарсы екпе салынбайды.