Сарыағашта ХҚО қызметкері көпірден секірмек болған жігітті өлімнен құтқарды

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына қарасты Сарыағаш аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы бөлім басшысының орынбасары Талғат Камилов пойыз өткеліндегі көпірден секіріп, суицид жасамақ болған жігітті ажалдан арашалап қалды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Үйіне бара жатқан Талғат Бағдатұлы жолай жиналып қалған жұртты байқап, жақындағанда көпірден секіргелі тұрған жігітті көреді. Ол бірден көмекке ұмтылған.

«Мен досымның көлігімен үйге келе жатқанмын. Бір кезде жиналған адамдардың «секірме» деп жатқанын естідім. Көліктен түсе сала сол жігітке қарай жүгірдім. Қасына барып, «інім, қалың қалай? Сенің бұлай істеуіңе не себеп болды? Ақылға кел» деп қана сұрап үлгердім. Ойлануға уақыт болмады, ортамызда бір тосқауыл бордер бар, бірден әлгі жігітке қарай секірдім. Алғашында қолымнан тайып кетті, сосын қайта ұстап үлгеріп, айқайлап «ұстаңдар» дедім. Аман-есен алып шыққан соң қуанып, өз-өзіме келдім. Мен мұны ерлік демеймін, бұл - әрқайсымыздың азаматтық борышымыз», - дейді Талғат.

Құлап бара жатқан жанды құтқаруға сол жердегі азаматтар мен полиция қызметкерлері де көмектескен. Мемлекеттік корпорацияда 2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Талғат Камилов халыққа адал қызмет етуден жалықпаған білікті қызметкер, отбасында үш перзент тәрбиелеп отырған ардақты әке.

Қазіргі уақытта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметкерін марапатқа ұсыну мәселесін қарастырып жатыр.

Сондай-ақ...