Ақтөбе облысында коронавирусқа қатысты жағдай құбылмалы болып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл туралы бүгін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мәлімдеді. Жағдай бақылауда, бірақ көпшілік арасында сақтық шаралары сақталмаса, өзгеруі әбден мүмкін дейді мамандар. Тек өткен тәулікте 5 адам коронавирусқа, тағы бірі пневмонияға шалдыққан. Жалпы облыс бойынша инфекция жұқтырған 134 науқас ем қабылдап, бірнеше адам жансақтау бөлімінде жатыр.
Мұхтар Сербаев, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
– Қазір Ақтөбе облысы «жасыл аймақта». Дей тұрғанмен, эпидемиологиялық жағдайдың күрделілігі сақталып отыр. Инфекциялық тіркелуі құбылмалы болып тұр. Біресе азаяды, біресе көбейеді. Сондықтан барлық іс-шара эпидемияға қарсы маска киіп жүру, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, дезинфекциялық режимдерді сақтау – осының барлығы міндетті түрде орындалуға жатады.