БҚО-да 500-ден аса медицина қызметкеріне вакцина салынды

Батыс Қазақстан облысында 8 жарым мыңдай медицина қызметкері бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның 500-ден астамы коронавирус инфекциясына қарсы екпе алған. Тақау күндері облысқа 1200 вакцина жеткізіледі. Наурыз айында тағы 8 мыңы келуі тиіс. Әзірге екпе шарасы Орал қаласы мен 2 аудандағы 7 емдеу нысанында жүзеге асырылып жатыр. Вакциналаудың екінші кезеңінде педагог мамандар мен полиция қызметкерлеріне екпе салу көзделіп отыр. Аймаққа Ресейден жалпы саны 80 мың вакцина жеткізіледі. Эпидемиолог мамандардың айтуынша, әзірге вакцинадан жаппай бас тарту немесе екпенің кері әсері байқалған деректер тіркелмеген.    

Дариға Үмбетиярова, балалар дәрігері:

– Менде реакция болған жоқ. Үш күн суға түспейміз, жиналатын жерлерге бармаймыз. Реакция болуы да мүмкін, бірақ екпенің орнында болады, ол деген қалыпты жағдай. Сондықтан бәріңіздің қорықпауыңызды сұраймын, өзіміз егілдік.

Алмагүл Мантақова, облыстың штаттан тыс бас эпидемиолог дәрігері:

- Вакциналаудың тиімді екенін қызылша, қызамық, кұл, сіреспе, полиомиелит пен көкжөтел секілді ауыр дерттерге қарсы сенімді қорғаныш болғанын көріп жүрміз ғой. Сондықтан коронавирусқа да қарсы тұра алатыны анық. Вакциналау инфекцияны жеңудің бірден бір жолы екені даусыз.