417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайда жиырмаға жуық қоғамдық көлік жолға шықпай қойды

  • 125
  • UPD: 22:23, 08.02.2021

Салдарынан қаладағы үш бірдей бағытта қатынас үзіліп қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жүріс кестесінің бұзылуынан жолаушылар зардап шекті. Жұрт қоғамдық көлікті аялдамаларда сағаттап күтуге мәжбүр болды. Жүргізушілер өздеріне лайықты еңбекақы талап етіп, үнемі істен шығатын валидаторларға қатысты шағымдарын айтты.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

– Тек түс ауа қаладағы қоғамдық көлік қатынасы реттелді. Себебі кейбір автопарк иелеріне жүргізушілердің орнына рөлге отыруға тура келді. Мұның бәрі жұмыс кестесіне айтарлықтай әсер етті. Себебі кейбір тұрғындар автобусты сағаттап күтуге мәжбүр болды.

«Автобус жоқ. Жұмысқа таксимен жетуден басқа амал қалмады». Таң сәріден әлеуметтік желіде осындай хабарламалар тарап кетті. Шынымен де жүргізушілер ескерткендей, кейбір бағыттағы қоғамдық көліктер жолға шықпады. 

БЛИЦ:

– Таңертең аавтобусты 40 минут күттім. Қазір тағы күтуге шықтым. Білмеймін нешеде келетінін, қаншада болатынын.

– Сегізінші бағыттағы автобусты күткеніме жарты сағат өтті. Мұндай бұрын-соңды болмаған. Такси шақыруға тура келетін шығар.

Қалалық автобустар қатынасының үзілуіне жүргізушілердің наразылық акциясы себеп. Олар жалақыны өсіруді талап етіп, әлі де жетілдіруді қажет ететін электронды төлем жүйесіне қарсы шыққан. Автобустарға валидаторлар сынақ ретінде былтыр қараша айында орнатыла бастады.

автобус жүргізушісі:

– Жүйе дұрыс істемейді. Картадан жол жүру ақысынан артық ақшаны алып қояды. Ақыр соңында біз кінәлі боп шығамыз. Мұның бәрін ойлап тапқан біз емес. Жолаушылар ұрыс шығарады. Жүйкеміз әбден жұқарды.

Қалалық 22 бағыттағы автобустың үшеуі көліксіз қалып отыр. Ал қалған компанияларда наразылық акциясы ішінара өтіп, жолға жартысы шыққан. Осылайша олардың жүріс аралығы ұлғайған. Десек те, басшылықпен ортақ мәмілеге келгендер де бар.      

Юрий Братышев, автобус жүргізушісі:

– Басшылықпен ақылдасып, бүгін жұмысқа шықтық. Әрине әкімдікке де көп нәрсе байланысты. Олар субсидия бөлеміз деген уәделерінде тұрды. Бізге лайықты жалақы төленеді деген үмітіміз бар.

Түйткілді мәселенің түйнін тарқату үшін тасымалдаушыларға субсидия қарастырылады. Қолдау шаралары электрондық төлем жүйесі толық енгізілгенде ғана бөлінеді. Әйтпесе жолаушылар ағынын нақты есептеу мүмкін емес.

Наурызбай Мусин, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Тасымалдаушылардан анықтама алып, ендігі айдан бастап субсидия төлеуге мәжбүрміз. Қостанай қалалық әкімдігінен 195 млн теңге қаржы бөлінген болатын. Ол келесі сессияларда нақтыланып, бір айдан кейін сома көтеріле ме, әлде сол қалпында қалатыны барлығы шешілетін болады.

Облыс орталығында ертеңнен бастап дифференциалды, яғни сараланған тариф енгізіледі. Ендігәрі жол жүру ақысы электронды түрде іске асады. Егер мұны қаламасаңыз, онда 80 теңгенің орнына 150 теңге төлейсіз. Ал жеңілдетілген тарифпен жүретіндер үшін мерзім 1 сәуірге дейін шегерілді. Оларға арнайы төлем карталарын дайындау жұмыстары жалғасып жатыр.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы