Марихуана саудасын бүркеген полиция департаментінің басшысы ұсталды

Есірткі қылмысымен күресуі тиіс мекеменің жетекшісі 15 жыл бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Парақор полицейлермен күрес нәтижесінде былтыр 407 тәртіп сақшысы жауапқа тартылған. 123 қызметкер жұмыстан қуылды. Қызметтік тергеу жүргізген мамандар бірқатар басшының қылмыскерлермен ауыз жаласқанын анықтаған.

Қызылордада 12 келі есірткі мен қару-жарақты сақтаған қылмыстық топ әшкере болды. Сорақысы сол, топ құрамында полиция департаментінің қызметкерлері болған.   

Арман Саданов, ҚР ІІМ өзіндік қауіпсіздігінің бастығы:

– Қызылорда облысы полиция департаменті басқармасының бастығы мен қол астындағы қызметкері ұсталды. Олар қылмыстық жауапкершіліктен бұлтарту мақсатында 7 млн теңге пара алып жатқанда үстінен түстік. Қазір олар тергеліп жатыр, тақауда іс сотқа жіберіледі. Қызылорда облысы полиция департаменті басқармасы бастығының орынбасары мен тағы үш жетекші лауазымдағы қызметкер жұмыстан босатылды.

Қарағандыда да құқық қорғау жүйесінің жемқорлыққа батқаны анықталды. Тәртіп сақшылары Теміртаудағы метал ұрлығына болысқан.

Сол сияқты Шу өңірінің полицейлері де қылмыскерлермен сыбайлас болған. Барлығы да қызметінен қуылды. Ал Алматыдағы полицейлер мәліметтер қорын сатып, ақша алыпты. 

Арман Саданов, ҚР ІІМ өзіндік қауіпсіздігінің бастығы:

– Азаматтық тұлғалардың көмегімен олар ведомствоның мәліметтер қорын сатуды жолға қойған. Жеке тұлғаларға қатысты ақпарат үшінші тараптың қолына түскен. Екі полиция қызметкері, бұрын полицей болған үш адам және тағы бір азаматтық тұлға жауапқа тартылды. Тәртіп сақшыларының басшысы жұмыстан шығарылды.

Былтыр түскен арыз-шағымды сараптай келе, құзырлы ведомство 1030 қызметтік тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 407 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 123 қызметкер жұмыстан шығарылды.

Арман Саданов, ҚР ІІМ өзіндік қауіпсіздігінің бастығы:

–Этикалық нормаларды бұзғаны үшін түрлі дәрежедегі 16 лауазымды тұлға жұмыстан шықты. Мысалы, Павлодар облысының қылмыстық атқару жүйесінің басшысы мен оның қарамағындағы қызметкер жұмыс орнында арақ ішкені үшін қызметінен босады.

Айта кетерлігі, қылмыстық топтармен сыбайлас болатын қатардағы тәртіп сақшылары емес, олардың басшылары. Құзырлы ведомство қолға түскендерге аяушылық танытпайды. Мамандардың айтуынша, ішкі істер министрлігінде мамыр айынан бастап үш мың қызметкер қысқартуға түседі.