Карантинде ұтыс ойынын ұйымдастырған кәсіпкер елордалықтардан кешірім сұрады

Елордада карантинге қарамастан ірі ұтыс ойынын ұйымдастырған кәсіпкер 670 мың теңге айыппұл төлеуі тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ ол кінәсін мойындап, жеті күн ішінде айыбын өтеуге келіскендіктен 335 мың 455 теңге төлейді. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мекемесі тарапынан осындай шара қолданылды. Кәсіпкер гүл дүкенінің ашылуына байланысты 2 мың адамның қатысуымен ұтыс ойынын ұйымдастырып, сыйлыққа 2 автокөлік тіккен. Санитарлық ережелерге мүлде сай келмейтін әрекетке барып, келушілердің денсаулығына қауіп төндірген.

Темірлан Кенжебаев, гүл орталығының атқарушы директоры:

– Болған оқиғаға өзіміздің кінәлі екенімізді мойындаймыз. Әрине, осындай шараларды өткізу талаптары мен санитарлық дәрігердің қаулысын бұздық. Барлық қатысушының алдында жауап береміз. Бұл жеке шара болғандықтан, жергілікті атқарушы органдармен келісім жасалмады. Қала тұрғындарынан кешірім сұраймыз. Жағдай ушығып кетеді деп ойламаппыз.