Алматы облысындағы мұзтауды шетелдіктер көруге асық

Жер жәннаты Жетісуда мұзтауға жиналатындар қатары артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қысы-жазы жерден атқылап тұрған артезиан суынан пайда болған көріністі тек жергілікті тұрғындар тамашалайтын. Қазір мұзтауды шетелдіктер де көргісі келеді.

Әлеуметтік желіде талайды таңдай қақтырған бұл жерді көпшілік мұзтау деп атап кеткен. Оның пайда болғанына біраз уақыт болған. Алматыдан шамамен 300 шақырым жердегі кереметті алғашында жергілікті тұрғындар ғана көріп келсе, қазір қазақстандықтар ғана емес, шетелдік туристер осында арнайы келеді екен.

Бұлбұлхан Арзықұлова, турист:

– Біз Алматы қаласынан келдік. Осы Бөлексазда әпкеміз тұрады. Бұрын келмегенбіз. Бүгін жолымыз түсіп келдік. Керемет. Біздің Қазақстанның жерлері қандай жақсы, кең. Бірақ өзіміз сыртқа барғанды жақсы көреміз.

Алматы облысы Кеген ауданына қарасты Шырғанақ ауылындағы Мұзтау қолдан жасалған емес. Жер астынан шығатын табиғи су қыс айларында мұз болып қатып осылай әдемі көрініс береді. Биіктігі 14 метр болатын мұзтауға қазіргі таңда жасы да, жасамысы да келіп демалыс орнына айналдырған. Ауданда қысқы туризмді дамыту мақсатында қазір үлкен-үлкен жобалар қолға алынды дейді жергілікті билік өкілдері. 

Балтабек Мұратбек, медиа компания басшысының орынбасары:

– Кеген ауданында БАҚ өкілдері арасында пресс-тур ұйымдастарылған болатын. Жалпы пресс-турға 30-ға жуық журналис қатысып отыр. Пресс-турдың мақсаты – Алматы облысының қыстық туризмін дамыту. Шонжыда, яғни Ыстық суда дәл осындай пресс-турлар ұйымдастырылған болатын. Биылғы жылы Кеген ауданында Көлсай, Шарын шатқалдарын бүгінгі күнде журналистеріміз тамашаламақ.  

Бұрындары Алматы облысындағы Көлсай мен Қайыңды, Шарын мен Шалкөдеге баратын саяхташылар енді жолай Кегендегі мұзтауға да ат басын бұруды дәстүрге айналдырған. Мамандар осы жылы ауданға келетін туристердің санын бір жарым милллионға жеткізуді жоспарлап отыр.

Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев