Семейде коронавируспен ауырып шыққан азаматтарды оңалту жүріп жатыр

Семейде коронавирус инфекциясымен ауырып шыққан азаматтарды оңалту шарасы жүріп жатыр. Бүгінге дейін қаладағы шипажайлардың бірінде 130-дан астам науқас тегін демалып, денсаулықтарын нығайтып қайтқан.

Семейлік Клара Нұғманова өткен жазда коронавирус індетіне шалдығып, жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдаған. Кейін үйде оқшауланды.

«68 жасқа келгенше мұндай ауруға тап болып көрмеппін. Оңалту орталығы бізге жақсы көмектесіп жатыр», - дейді ол.

Клара Нұғманова, демалушы:

- Коронавируспен ауырғаннан кейін емдеу орталығы, оңалту орталығы как санаторий демалуға. Өте жақсы енді шындығында. Оның үстіне тегін. Мен не аламын, массаж, гимнастика жасаймын. Солевой дейді мынау тыныс алу жолдарын тазартатын, өкпені тазартатын. Шындығына келгенде барлығы бар, 4 уақыт тамақ, өте жақсы.

Орталықта қазір 50 адам ем қабылдап жатыр. Оңалту бағдарламасы тыныс алу жолдарын жаттықтыру, физио- және тұз шахтасындағы емдік шаралар сынды бірқатар процедурадан тұрады. Ол үшін демалыс орнына қосымша жабдықтар сатып алынған. 

Валентина Голованёва, реабилитолог:

- Бөлімшеміз 150 адамға арналған. Коронавирус инфекциясы өте ауыр індет болғандықтан онымен ауырып шыққан адамдарға оңалту шаралары міндетті түрде керек. Біздің пациенттеріміз мұнда кешенді түрде ем қабылдайды. 

Індеттен жазылып шыққан азаматтарды оңалту шарасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бағдарламасына енгізілген. Семейдегі оңалту орталығы қарағай орманында орналасқандықтан, таза ауада тынығып, денсаулығын нығайтқысы келетіндердің қатары қалың. Орталық құрылғалы бері мұнда 130-дан астам адам демалған.

Ардақ Айбарұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов