420,46 504.70 5.63
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Хабар 24» арнасы мәселе көтергеннен кейін Ақтау көшелеріне жарық орнатыла бастады

  • 86
  • UPD: 16:47, 09.02.2021

Қаңтар айында ақтаулық тілшілеріміз қала көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолында жарықтың жоқтығын айтып, мәселе қозғаған еді. Қала билігі құлақ асқан секілді. Тұрғындардың сұранысы бойынша енді 11 мен 12, 26 және 28а шағын аудандар арасына, сондай-ақ қалалық мешіт алдындағы жолаққа жарық тартылады. Жоспар бойынша шаһар аумағында осы ақпаннан бастап ай сайын 40 дана энергия үнемдегіш шам орнатылуы тиіс.

Ақтауда 183 реттелмейтін, яғни бағдаршамсыз жаяу жүргіншілер жолдары бар. Алайда олардың тек 8-і ғана жарықтандырылған. Осы себепті қараңғы мезгілде осы жерлерден кісі қағу деректері азаймай отыр. Мәселен, өткен жылы 127 адамды көлік қағып кеткен. Өкінішке орай, 16 тұрғын жол-көлік оқиғасы болған жерде көз жұмды. Осы ретте қала халқының пікіріне құлақ түрген едік.

Амандық Аманқұлов, қала тұрғыны:

- Жалпы күнде естіп жүрміз. Осындай адам қағып кетіп жатыр дегенді. Енді бұл жерде жүргізушілердің кінәсі емес. Негізінде сол жерлерге жарық шамдарын қою керек. Адамды байқамай қаласың қараңғы кезде.

Жанна Жетібайқызы, қала тұрғыны:

- Ақтаудың көшелері түнде әдемі деп айтуға болады. Бірақ жолдан өтетін кезде өз басым қорқамын. Себебі тас қараңғыда адам өтетін жерлер дым көрінбейді. Осындай жерлерге көше шамдары қойылатын болса, мен ойлаймын адам қағу да азаяды ғой.

Мәселені толық шешу үшін жергілікті бюджеттен кемі 300 млн теңге бөлінуі керек. Ақтауды электр желілерімен жабдықтаушы коммуналдық кәсіпорын әзірге қолда барын қолданып жүр. Бұдан бөлек қазір әуежайға дейінгі көлік жолы төрт жолаққа кеңейтіліп жатыр. Бұл маңға кезінде 11 метрлік 700 бағана қойылған еді. Енді олар 8 метрге қысқартылып, жаяу жүргіншілер жолдарына орнатылады. 

Айбек Ербөлеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Қала әкімдігі тарапынан аталған мәселе бақылауда. Осындай жұмыстар жоспарланып келген болатын. Қазіргі таңда соның 8 жаяу жүргінші өтпесінде жұмыстар толықтай аяқталды. Алдағы уақытта кезең-кезеңімен қала бойынша барлық жаяу жүргінші өтпелерінде жарықтандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға бюджеттен қаражат бөлінбеген. Өз есебімізден, былай айтқанда, қолымыздағы бар заттармен жасап жатырмыз.

Қалаішілік көлік жолдарында бас-аяғы 7 мың жарық бағанасы бар. Көпшілігі ескірген. Осы себепті жауапты мамандар биыл 2 мың шам ауыстырылатынын айтып отыр. Бұл жұмыстар наурыз айында басталады деп жоспарланған.

Авторлар: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы