Қызметтерді алу уақыты 30 күннен 5 күнге дейін қысқарды – ҚР Қаржы министрлігі

Мемлекеттік кірістер комитетінің Байланыс орталығы 2020 жылы 670 мыңнан астам салық төлеушілердің өтінішін өңдеді.

Олардың 91% операторлардың жұмысын «өте жақсы» деп бағалады, деп хабарлайды primeminister.kz.

«Өткен жылы 22,3 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 97% – электрондық түрде. Көбінесе адамдар жергілікті салықтарды төлеу, салық берешегінің сомалары, есептіліктерді толтыру және тағы басқа мәселелер бойынша жүгінеді», – деді Е.Жамаубаев.

Енгізілген цифрлық технологияларға келетін болсақ, 2019 жылы «Астана-1», «Электрондық шот-фактуралар», «Тәуекелдерді басқару жүйесі» ақпараттық жүйелері енгізілді. Бүгінгі күні салық декларацияларының 99%-ы және кедендік декларациялардың 100%-ы қашықтан тапсырылады.

Қаржы министрінің айтуынша, «Электрондық шот-фактуралар» жүйесін енгізу контрагенттер арасындағы мәмілелерді онлайн режимде қадағалауға мүмкіндік берді.

«Тәуекелдерді басқару жүйесінің» қолданылу аясы кеңейтілді. Жалпы, министрдің айтуынша, тәуекелдердің 86 түрлі моделі құрылды, 12 млрд астам цифрлық құжаттар өңделді. Соның нәтижесінде цифрландыру мен әкімшілендіру есебінен 2019 жылы қосымша 916 млрд теңге қамтамасыз етілді. 2020 жылдан бастап онлайн-БКМ қолдануға жаппай көшу жүргізілді.

«Өткен жылы енгізілген «Е-терезе» ақпараттық жүйесі рұқсат құжаттарын беретін 13 ақпараттық жүйені біріктірді. Қызметтерді алу уақыты 30 күннен 5 күнге дейін қысқарды», – деді ведомство басшысы.