Қостанай облысында кассадан 205 мың еуро ұрлаған банкир сотталды

Қостанай облысында «қашқын» банкир жеті жарым жылға сотталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қылмыскер Жітіқара қаласында банк филиалының директоры боп жүргенде кассадан 205 мың еуро ұрлап, Ресейде із жасырмақ болған. Көп ұзамай оны полицейлер Челябі қаласында тұтқындайды. Оқиға 2019 жылдың қараша айында болған. Тінту барысында экс-банкирден 136 мың еуро табылды. Қалған соманы өзінің және туған-туыстарының несиесін өтеп, бір бөлігін есепшотына аударған. Оның бұған дейін құмар ойындарға салынып, клиенттердің шотынан қаражат ұрлағаны де белгілі болды. Банк өзінің бұрынғы қызметкерінің 69 мыңдай еуро мен 6 млн теңге шығын келтіргені үшін сотқа талап арыз жолдаған.

Зәуре Едікова, облыстық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Жітіқара аудандық соты айыпталушының өз кінәсін толық мойындағанын және бұған дейін сотталмағанын ескере отырып, 7 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Банк үлесіне 41 миллион 202 мың теңге өндірілді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.