Қарағандыдағы зауыттан «Спутник V» вакцинасы қашан шығады?

Қарағандыдағы зауыттан «Спутник V» вакцинасы ақпанның соңында шығады.

Бұл туралы фармацевтикалық кешен өкілдері хабарлады. Бұған дейін жауаптылар екпе ақпанның 15-інен бастап қолданысқа беріледі деген еді. Дәріні шығару неге екі аптаға кешікті? Вакцина қалай жасалады, қазір қандай процедура жүріп жатыр?

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Вакцинаны шығарудың шамамен екі аптаға кешіктірілуі дәріні сертификаттау процесінің созылуына байланысты. Фармацевтикалық кешен өкілдері осылай дейді. Қарағандыдағы зауытқа ресейлік вакцинаның дайын қоспасы келеді десе болады. Мұнда оған тек бірқатар қосымша компоненттер қосылып, флакондарға құйылады.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Қарағандыда шығарылатын КВИ-ге қарсы «Спутник V» вакцинасы, міне, осы. Алғашқы компонент сары қақпақты, кейін 21 күннен кейін салынатыны көк (түсті) қақпақты болып есептеледі. Осы ақпан айында осы кәсіпорыннан 90 мың доза, ал мамыр айына дейін ҚР ДСМ тапсырысына сай 2 млн дана шығарылмақ.

Дәрінің сапасын бақылау екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы Ресейде, екіншісі Қарағандыда. Тек осы процеске 20 тәулік уақыт кетеді. Рұқсат берілген соң тауар декларацияланып, қатырылып, тиісті емханаға жеткізіледі.

Сергей Барон, Қарағанды фармацевтикалық кешенінің бас директоры:

- Бұл вакцинаның технологиялық ерекшелігімен қиындығы – әркез салқын температураны сақтап тұру керек. Ол үшін біз кейбір бөлімдерді қайта жасақтап, қосымша құрылғылар сатып алдық. Дәріні жасау барысында 7 сағат сұйық күйде ұстауға болады. Осы кезде барлық лабороториялық шаралар жасап үлгеру керек. Кейін ол қатырылып, тек пациентке егетін кезде еріту керек.

Екпені дайындау кезінде бөлме температурасында 7 сағат қана ұстауға болады. Кейін ол «шок» деңгейіне дейін қатырылады. Себебі вакцина құрамындағы ақуыздар қалыпты температурада «тұрақты» күй кешеді.

Владимир Фольмер, өндіріс жөніндегі директор:

- Біздің кәсіпорында адамдарға қауіп жоқ. Себебі біз дайын өніммен жұмыс істейміз. Ал, вирустармен сынама жұмыстарының барлығы Ресейде жүргізілген. Біз вирустарға қарсы салыстырмалы жұмыс жүргізбейміз. Қазақстанда ешбір кәсіпорын тірі вирустарға қарсы сынама жүргізуге дайын емес.

Зауыт тәулігіне 150 мың доза вакцина шығаруға қауқарлы. Екпенің жарамдылық мерзімі 6 ай. Егер дәріні дайындау не тасымалдау кезінде штаттан тыс жағдай болып еріп кеткен болса, ол дәрі жарамсыз болып есептеледі.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев