Зейнетақы қорында қаржысы жеткілікті жастар бар ма?

Қазақстанның кез келген азаматы зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін қажетіне жарата алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек жеткілікті шегі болуы тиіс. Мысалы, 20 жастағы қыз-жігіттердің қордағы жиналған қаржысы 1 млн 700 мыңнан асуы шарт. Осы сомадан асқан ақшаны тұрғын үй жағдайын жақсарту, ем алу немесе жеке компанияларға басқаруға бере алады. Жиырмаға толғандар арасында жиған-тергені жеткілікті жастар бар ма?

Бақыт Топтаева, тілші:

- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан хабарлағандай, кез келген жан зейнетақы жүйесінде жеке шот аша алады. Жас ерекшелігі бойынша да шектеу жоқ. Бүгінде кәмелетке толмаған 68 мыңнан астам жастың зейнетақы қорында жеке есепшоты бар. Қаржысы жеткіліктік шегінен, яғни 1 млн 720 мыңнан асқан жиырма жастағы азаматтар да жоқ емес.

Мұрат Шәріпов, БЖЗҚ қалалық филиалының басқарушы директоры:

- Ал енді қанша адам алуға болады деген сұраққа бүгінгі күнде 20 жасқа толған 29 салымшы өзінің зейнетақы шотындағы ақшасын қолдануына мүмкіндігі бар.

Зейнетақы қорының кез келген салымшысына қатысты ақпар құпия. Сондықтан қаржысын жеткіліктік шегінен асырған 29 жастың кім екенін білу мүмкін емес. Десе де, талапты жастардың арасынан табыстысын анықтауға тырыстық. Солардың бірі – 21 жастағы кәсіби триатлоншы Дарын Қонысбаев. 2019 жылы Оңтүстік Кореядағы жарыста Азия чемпионы атанған. Талантты спортшы 17 жасында ұлттық құрама мүшесі ретінде Олимпиада комитетімен еңбек келісімшартына отырған. Жалақысының жоғары болуына байланысты кейіпкеріміздің қорға төлемдері де көлемді болса керек.

Дарын Қонысбаев, триатлоннан халықаралық спорт шебері:

- Зейнетақы қорына қанша ақша жинағаным жайында осыған дейін еш ойланбаппын. Содан кейін анамнан сұрап білуді шештім. Мамам 1 млн 759 мың жиналғанын айтты. Шекті соммаға жету үшін сәл қалды. Қолымнан келсе, ол қаржыны шешіп депозитке салар едім.

Ия, кәсіби спортшының қорындағы қаржысы жеткіліктік шегіне жетіп қалды. Бірақ асқан жоқ. Есепшоттан шешіп алатындай қомақты қаржы жинау үшін тағы уақыт қажет. Бірақ жиналғанның күннің өзінде Дарын оны жаратуға асығар емес. Жас кәсіпкер Камилла Абылқасымова да зейнетақы қорындағы қаржыға иек артпайды. 18 жастағы бойжеткен былтыр онлайн бутик ашып алған. 15 жасынан тоқаш пісіріп, онысын табыс көзіне айналдыра білген Камилла қаржылық тәуелсіздіктің не екенін бір адамдай біледі. Ол өз қаржысының зейнетақы қорында сақталғанын дұрысырақ санайды.

Камилла Абықасымова, жас кәсіпкер:

- Жалпы қандай да бір сүйікті ісіңіз болса, мұндай жаста оны табыс көзіне айналдыруға болады. Қазір мен 18-демін. Мектеп бітіргеннен кейін бір жыл демалыс алдым, яғни оқуға түскен жоқпын. Өзімді одан әрі дамытуға ден қойдым. Қазір жасөспірімдердің дамуына қолдау көрсететін мектепте жұмыс істеймін. Бұл мектеп маған 1 млн көлемінде инвестиция берді. Осы қаржыға онлайн бутик ашып алдым.

Қолдау болмаса, жеткіншектердің табысқа жетуі екіталай, әрине. 2000 жылдары туған қос кейіпкердің ата-анасы талант пен талапты жазбай танып, олардың дамуына жағдай жасағаны мәлім. Ал бұл адами капиталдың инвестциясы. Дарын мен Камилланың зейнетақы туралы әлі ойланбаса да, болашағынан зор үміт күтеді.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ербол Дайыров, Аят Елшін