Синоптиктер: Боранның алдағы күндері басылатын түрі жоқ

Ақпанның ақтүтек бораны Арқа жұртын әбігерге салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен тәуліктен бері Ақмола облысында боран соғып, салдарынан көлік қозғалысы қиындаған. Бүгін республикалық маңыздағы жолдар жабылды. Тұрғындар бірнеше күннен бері діттеген жеріне жете алмай, сарсаңға түсті. Қолайсыз күн райы аймақта қай уақытқа дейін жалғасады?

Назерке Тоқжан, тілші:

- Бұл – Нұр-Сұлтан-Петропавл күре жолы. Әдетте әрлі-берлі жүйіткіген көлік саны көп болатын. Ал қазір қозғалыс сап тыйылған. Себебі бірнеше күннен бері аймақта қар борап, жолдарды жауып тастаған.

Блиц 1:

- 3 күн болды, шыға алмай жатырмыз.

Блиц 2:

- Бурабайға келгенбіз кеше. Содан шыға алмай қалдық.

Блиц 3:

- Қазір күтеміз, егер көлікпен жіберсе барамыз, болмаса, кері қайтамыз.

Қозғалыстың шектелуі, әсіресе, кәсіпкерлер үшін қиынға соқты. Бүгін де біразы жолды ашып қала деген үмітпен қайта келген. Алайда, кері қайтуға мәжбүр.

Валерий Колышев, кәсіпкер:

- Жұмыс бабымен жолға шықтым. Дәл қазір қар жауып тұрған жоқ. Күн ашық. Неге өткізбей жатқанын түсінбеймін. Тағы қанша күту керек? Ақылы жол ғой. Арнайы көлік бастап алып жүрсе болады ғой.

Екатеринбург – Алматы, Нұр-Сұлтан – Шідерті аралығында да көлік қатынасы тоқтатылған. Полиция тек жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарын ғана өткізіп жатыр. Бұдан бөлек, облыстық маңыздағы жолдардың 21 учаскесі әзірге жабық. Бүгінде 41 техника, 65 адамнан құралған арнайы жасақ жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстап отыр. Десе де, дабылды ескертуді елеместен сапарға шыққандар қатары азаймай тұр. Мәселен, өткен тәулікте қар құрсауында қалып қойған 94 адамға көмек көрсетілген.

Нұрлан Атығаев, облыстық ТДЖ бастығы:

- Бурабай ауданынында 37, Ерейментауда 40 адам құтқарылды. Бұдан бөлек, Приречное ауылы тұсында апатқа ұшыраған 5 адамға көмек көрсетілді. Жүргізуші рөлге ие болам алмай, көлік аудырылып қалған. Абырой болғанда, қаза тапқандар жоқ. Құтқарылған азаматтар жылыту орындарына орналастырылды.

Жолдардағы қозғалыстың қашан толық жанданатыны белгісіз. «Күн райының тұрақталуын күтуге туралы келеді», дейді мамандар. Ал синоптиктер «боранның алдағы күндері де үдемесе, басылатын түрі жоқ» дейді.

Даниэль Жұмажанов, «Қазгидромет» АҚ облыстық филиалы бөлімінің жетекшісі:

- Алдағы 3 тәулікте Ақмола облысы антициклонның ықпалында болады. Ауа температурасы түнгі уақыттарда 23-30, кей жерде 32 градус аязға дейін төмендейді. Күндізгі уақытта 23 градус аязға дейін төмендейді. Және кей жерлерде тұман, екпінді жел күтіледі.

Яғни, өңірде тек апта соңына қарай күн жылынуы мүмкін. Сондықтан тәртіп сақшылары тұрғындардан сәл шыдамдылық танытып, ұзақ сапарға шықпауды өтініп  сұрайды.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Анатолий Поляный