Елордада «Ғашық жүрек» қойылымының тұсаукесері өтті

Елордада «Ғашық жүрек» поэтикалық-музыкалық қойылымының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Спектакльді Музыкалық жас көрермен театры қазақ поэзиясында өшпес із қалдырған Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арнады. Қоюшы режиссері – Аман Ғұмаров. Ақиық ақынның бейнесін театр актері Қазбек Есқара сомдады. Сахнада барлығы 50-ге жуық әртіс өнер көрсетті. «Ғашық жүрек» – автордың ой-арманынан, жан сарайынан, ішкі танымы мен толғанысынан туған өлең-жырлары мен әндеріне қойылған сахналық қойылым. Іс-шараға Мәдениет және спорт министрлігі мен қала әкімдігінің өкілдері де қатысты. Енді елордадағы №74 мектеп-гимназияға ақынның есімі берілуі мүмкін.

Асхат Маемиров, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, режиссер:

- Тәуелсіздігіне 30 жыл толып жатқан біздің мемлекетіміз үшін бүгін рухани ерекше күн. Себебі қазақ поэзиясының ақиығы, ұлы ақын М.Мақатаевтың 90 жылдығы. Сондықтан бүгінгі қалалық әкімдік жанындағы Музыкалық жас көрермен театры ұлы ақынның рухына өзінің поэзиясымен, өлең-жырларымен, өміршең өлеңдерімен тағзым етуді жөн санадық.