Түркістан облысындағы Қаратөбе ауылының тұрғындары ауызсусыз отыр

Түркістан облысы Төлеби ауданына қарасты Қаратөбе ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері ауызсудан тарығып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін алыстан тасып ішеді.

Арбаға бар ыдысын салып, су іздеген Ұлбала апа күнделікті тіршілігіміз осы дейді. Он баланы дүниеге әкелген батыр ана – Қаратөбе елді мекенінің байырғы тұрғыны. Балалар жұмыста, немерелер оқуда болған кезде үйге су тасып келіндерге ара-тұра көмек беріп тұрамын. Тіршілік нәрін іздеп кей кездері ауыл аралап, көше жағаласам да бастысы шелегіммен бос қайтпауға тырысамын дейді .

Ұлбала Құрманбаева, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

- Қазір де су жоқ. Қай үйде, қай жерде су бар соған барып шелегімізбен алып келеміз. Сусыз өмір жоқ қой.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Тәулік бойы Қаратөбе ауылының су алатын жалғыз орында тыныштық жоқ. Әр үйде су құбыры бар болғанымен онда тіршілік нәрі жоқ. Халық қолына іліккен шелегін, бар ыдысын осында тасиды. Ал күн жауын шашында тұрғындар су алуға келу үшін балшық жолдан қатты қиналамыз дейді.

Елді мекенде жүзден астам түтін бар. Сайда орналасқан тұтас ауыл үш бөліктен тұрады. Оны өздері Қаратөбе 1-2-3 деп те атап кеткен. Ауылдың басы саналатын бірінші Қаратөбе де таза ауыз су бар. Себебі олар бұлақ басынан келетін негізгі құбырға жақын орналасқан. Ал қалған жағында ауыз су тапшы. Су іздегендер бірнеше шақырымды артқа тастап, қолға іліккен ыдысын алып тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр.

Гүлжан Төребаева, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

- Ішуге алып кетемін. 3-4 мәрте келемін. Жаңбырда да өзіміз тасимыз. Демалыста балаларды жібереміз. Олар итке таланып келеді.

Қаратөбеліктердің жанайқайы Төлеби ауданындағы ауыз суға жауапты «Леңгір су» мемлекеттік мекемесіне жақсы таныс. Су тапшылығына бұлақ көзінің тартылуы себеп дейді мамандар. Биыл осы мәселені шешу үшін жергілікті қазынадан қажетті қаражат қаралмақ. 

Хикматулла Момынқұлов, «Леңгір су» коммуналдық кәсіпорынының директоры міндетін атқарушы:

- Қаратөбе ауылына 2012 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарымен құбыр тартылған. Қазіргі таңда бұлақ көзінен бері ауылға қарай судың келу көлемі азайған. Сондықтан судың көлемін көбейту мақсатында қазіргі кезде Ақбура бұлағынан бері қарай ауылды сапалы сумен қамту үшін құбыр тарту көзделуде. Оған енді сметалық құжаттары дайындалуда. Оған 20 млн-дай қаражат керек болады.

Судың жайы белгілі. Ал ауылда жарық мәселесі тағы бар. Халық жарықтың сапасыз екендігін айтып шағымдануда. Сондай-ақ электр қуатының бағаналары да тоз-тозы шығып, құлаудың алдында тұр дейді тұрғындар.

Өнербек Көшербаев, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

– Бізде жарық мәселесі өте нашар. Кеш болса, сығырайып шырақтан сәл-ақ жарық болып тұрады. Теледидар, тоңазытқыш нашар істейді. Кір жуатын машина қосатын болса, онда теледидар немесе тоңазытқышты өшіреді. Біреуін өшіріп, біреуін қосып отырамыз. Балалардың сабақ оқуы да қиын.

Бір қарағанда Қаратөбе елді мекені Төлеби ауданындағы өркениеттен ең кенже қалған ауыл сапында секілді. Себебі мұнда әлі де шешімін күткен мәселелер жетерлік.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов