БҚО-да жұмыссыздар саны көбейді

Оралда шектеу шараларына байланысты 70-тен аса банкет залы жұмысын тоқтатқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір олардың дені дүкендер мен оқу орталықтарына, қала берді мәдени және спорттық нысандарға айнала бастады. Қызмет көрсету орындарының жабылуымен бірге жұмыссыздар саны да көбейді. Бұл жағдай іргелі кәсіпорындарды да айналып өтпеді.

Гүлзина Сақыпова карантин басталғанға дейін мейрамханалардың бірінде әкімгер болып істеген. Шектеу шараларына байланысты мұндай нысанардың бәрі жабылып қалғаны белгілі. Кейіпкеріміз де ұзақ уақыт жұмыссыз қалады. Кейін жұмыспен қамту органдарына хабарласып, тіс емдейтін клиникалардың біріне әкімгер болып орналасыпты.

Гүлзина Сақыпова, қала тұрғыны:

- Бір қыз тәрбиелеп отырған анамын. Жұмыссыз қалғанда өте қиналдым. Ипотекам бар, несиелерім бар одан бөлек. Жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыздар қатарына тіркеліп стоматологияға бардым, екі жұмадан кейін жұмысқа қаблыдандым.

Былтыр 35 мыңнан аса адам жұмыспен қамту орталықтарына жолыққан. Соның 24 мыңы уақытша және тұрақты жұмыстарға орналасты. Мың шақты азамат жеңілдетілген несие алды. 2 мыңдай адам қайтарымсыз негіздегі гранттарды иеленді. Былтыр өңірдегі 16 кәсіпорында еңбек етіп жүрген 210 адам қысқартуға іліккен. Олардың дені – іргелі кәсіпорындар. Дегенмен шектеу шаралары кезінде жұмыссыз қалғандардың дені қызмет көрсету саласының өкілдері дейді сала мамандары.

Анар Амантаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

- Шектеу шаралары бойынша қысқартылған азаматтар біздің жұмыспен қамту орталықтарнына жолығып, жұмыссыз ретінде тіркелетін болса оған бұған дейін жұмыс берушілер мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына бірқатар жарна аударылған болса, бұл кісіге жұмысынан айырылғаны жөнінде жәрдемақы төленеді. Былтыр 6300 адам осындай жәрдемақыға ие болды.

Қызмет көрсету орындарының жаппай жабылуы жүздеген адамның жұмыссыз қалуына әкеліп соққаны рас. Мәселен, пандемияға байланысты облыста 170 банкет залы қаңырап бос тұр. Тығырықтан шығар жол қайда деген сауалға барлық тарап алаңдаулы. Билік кәсіпкерлерге мұндай нысандарды жалға беруді ұсынып отыр.

Бақдәулет Ибраимов, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Өз кәсібін өзгертуге ниетті кәсіпкерлер баршылық. Олар мұндай ғимараттарды 3 жылға дейінгі мерзімге жалға беруге әзір. Қазіргі таңда әр шаршы метрдің құны 2500 теңге шамасында.

Аймақта жұмыссыздықты төмендету мақсатында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жүзеге асты. Бағдарлама аясында 24 мыңнан аса адам екі қолға бір күрек тапқан. Соның ішінде 13 мыңдайы тұрақты жұмыспен қамтылды. Мың шақты өңір тұрғыны «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін меңгерді.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов