417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыда екі ер адам кассирге бензин шашып, шағын несие ұйымын тонап кетті

  • 82
  • UPD: 10:05, 10.02.2021
Қарағандыда екі ер адам кассирге бензин шашып, шағын несие ұйымын тонап кетті

Қарағандыда екі белгісіз адам микронесие ұйымы кеңсесіне басып кіріп, кассирдің үстіне бензин шашып, 120 мың теңге алып кетті, деп хабарлады Tengrinews.kz.

9 ақпанда сағат 16:00-де шағын несие беру ұйымының бірінің кассасына шабуыл жасалды. Оқиға кеңседегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Видео кадрларынан медициналық маскадағы қарақшылардың бірі алдымен кассирге бензин шашып, кейін өртеймін деп қорқытқанын көруге болады. Видеода қарақшының беті айқын көрінеді. Бұл уақытта оның сыбайласы есікті қарауылдап тұрады.

Видео әлеуметтік желілерде жарияланған. Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі жағдайға қатысты түсінік берді. Ведомство мәліметінше, күдіктілерді ұстау үшін полиция департаменті аппаратының тәжірибелі қызметкерлерінен жедел топ құрылған.

«9 ақпанда сағат 16:00-де Қарағандыда микронесие беру ұйымдарының біріне белгісіз екі адам кіріп, кассирге бензин шашып қорқытқан. Жәбірленуші әйел 28 жаста. Қарақшылар 120 мың теңгені қорқытып иемденген. Аталған факт ҚР ҚК-ның 192-бабы «Қарақшылық» бойынша тіркелді», - деп атап өтті ведомстводағылар.

Хабар 24 телеарнасы