Тұрғын үй сертификаттарының мөлшері 1,5 млн теңгеге көбейтілді – елорда әкімі

Тұрғын үй сертификаттарының мөлшері 1,5 млн теңгеге көбейтілді – елорда әкімі

Нұр-Сұлтанда тұрғын үй сертификаттарының мөлшері 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге көбейтілді.

Бұдан бөлек, елорда әкімі Алтай Көлгінов «Шаңырақ» (5-10-20) бойынша тұрғын үй сертификаттарын алушылар санатын кеңейту туралы бастама көтерді. Егер бұрын тізімге тек әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттағылардың 3-еуі ғана кірсе, енді оған барлық тоғыз санат та кіретін болды.

«Тұрғын үй мәселесі – ең маңызды бағыттың бірі. Тұрғын үй сертификатына қоса «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы (Қазақстандық ипотекалық компания)» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырып жатқан бағдарламаға да өзгеріс енгізілді. Мұнда біз әлеуметтік пәтер алушылар санатын кеңейттік. Бұл әлеуметтік пәтерлерді тек медицина қызметкерлері мен мұғалімдер ғана емес, сонымен бірге, өрт сөндірушілер, әлеуметтік мамандар, мәдениет және спорт қайраткерлері, Полиция департаментінің қызметкерлері де алуға мүмкіндіктері бар. Бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна пәтер құнының 1 процентін құрайды. Тұрғын үйді алдағы уақытта жекешелендіріп алуға болады», - деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолжетімді баспана көлемінің құрылысы артты. Егер 2018 жылы 1 100, 2019 жылы 2 900, 2020 жылы 7 мыңнан аса әлеуметтік пәтер берілсе, биыл бұл сан 10 мыңға көбейеді. Мұның бір бөлігі тұрғын үй кезегінде тұрғандарға, тағы бір бөлігі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кезекте тұрғандарға беріледі.