Апатты үйде тұрып жатқан 250 елордалық отбасы жаңа пәтерге көшіріледі

Елорда бюджеті 43 миллиард теңгеге оңтайландырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үнемделген қаражат халықтың көкейтесті мәселелерін шешуге бағытталды. Мәселен, шаһардағы инфрақұрылымды жақсарту, жол жөндеу, апатты үйлерді бұзу, шағын және орта бизнесті қолдауға 25 миллиард теңге жұмсалды. Бұл туралы бүгін елорда әкімі Алтай Көлгінов онлайн форматта халыққа есеп беру кезінде хабарлады. Кездесу барысында қала басшысы өзекті түйткілдер жайында баяндап, оларды шешу жолдарын айқындады. Әсіресе, тұрғындарды баспанамен қамтуға басымдық берілмек. Ақшасын төлеп, бірақ жылдар бойы пәтеріне қол жеткізе алмаған үлескерлердің проблемасы биыл шешімін табады.

Айта кетейік, қалада 18 осындай тұрғын үй бар. Оған қоса 3 миллион шаршы метр жаңа баспана қолданысқа беріледі. Апатты үйде тұрып жатқан 250 отбасы жаңа пәтерлерге көшіріледі. Сондай-ақ елорданы газдандыру, орта білім беру, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мен цифрландыру бағыттары да назардан тыс қалмайды деп уәде берді Алтай Көлгінов.