Нұр-Сұлтанда екі көпір салынып, 170 астам көше жөнделді

2020 жылы елордада 173 көше жөнделіп, асфальт төселді, екі көпір салынды.

Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде елорда әкімі Алтай Көлгінов айтты.

«Көшелер салып, жөндеумен қатар, көпірлер де салу қажет. Олар көлік көп жүретін жол учаскелерін босатуға біршама көмектеседі. Әрине, бұл қалалықтардың жүру уақытын қысқартады. Мәселен, тек былтыр елордада екі көпір салынды. Бірі Нұра-Есіл арнасы, ал екіншісі Есіл өзені арқылы өтеді. Ұлы Дала және Нәжімеденов көшелерінің қосылуы Мәңгілік ел даңғылына түсетін салмақты 30%-ке азайтты.

Асфальт төселуі және жөнделуі тиіс жолдар бірнеше санат бойынша таңдалды: бұрын асфальт болмаған жолдар; жаңа автобус бағдарлары іске қосылатын көшелер; көлік көп жүретін жолдар мен әлеуметтік нысандарға апаратын жолдарды таңдадық. Бұған қоса кестеге, қалалықтар кездесу кезінде асфальттау керек деген көшелерді қостық.

Жалпы алғанда, 173 көшеге асфальт төседік, олардың 100 астамы тұрғын алаптарында орналасқан. Бұл жұмыстарды биыл да жалғастырамыз. Тұрғын алаптары мен қаланың ескі бөлігіне басымдық беріледі», – деді астана әкімі Алтай Көлгінов.

Жол жұмыстарын жүргізуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы біршама көмектесті. Ол бойынша 15 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бірінші кезекте қалалықтарды Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырдық.

Сондай-ақ бұрын жарығы жоқ көшелерге жарық қосылды. Бұған қоса ескі шамдар заманауи энергия үнемдейтін жарықдиодты шамдарға алмастырылды.