Қ.Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерін ғарышты игерудегі жетістігімен құттықтады

Мемлекет басшысы Абу Даби әмірлігінің Тақ мұрагері Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянға құттықтау жеделхатын жолдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың және жеке өзінің атынан Абу Даби әмірлігінің Тақ мұрагері Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянды Біріккен Араб Әмірліктерінің ғарышты игеру саласындағы орасан зор жетістігімен құттықтап, жеделхат жолдады. 

Президент жеделхатында былтыр шілде айында Марсты зерттеуге жіберілген «Әл-Амал» спутнигінің планета орбитасына енуі Әмірліктердің ғарышты игеруші үздік мемлекеттер қатарына кіргенін және әлемдік табысқа қол жеткізгенін дәлелдейтіндігін атап өткен. 

«Ислам және араб әлеміндегі саяси, экономикалық негізі берік қалыптасқан, өңірлік және жаһандық тұрғыдан көшбасшылығы кеңінен мойындалған еліңіз Сіздің басшылығыңызбен қарқынды дамуын одан әрі жалғастыруына, мерейінің әрқашан үстем болуына тілектеспін. Осы тұста әлемге әйгілі «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы Қазақстан мен Әмірліктердің ғарыш саласына қатысты бірлескен бағдарламасының да болашақта нәтижелі боларына сенім білдіремін. Сіздің еліңізбен осы бағытта күш-жігер жұмылдыруға және ғылыми зерттеулер жүргізуге әрдайым дайын екенімізді нақтылаймын», – делінген жеделхатта.  

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянның аса жауапты қызметіне толағай табыс, ал Әмірліктердің халқына баянды бақыт, құт-береке тіледі.