419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе облысында шаруалар судан тапшылық көруі мүмкін

  • 120
  • UPD: 22:27, 10.02.2021

Ақтөбеде су мәселесі өзекті. Өңірдің бағбандары мен шаруалары жазда тіршілік нәрінен тапшылық көруі мүмкін. Себебі жауын-шашын мөлшері өзен-көлді толтыруға аздық етеді екен. Сонымен қатар су қоймаларындағы су көлемі де мүлде азайып кеткен. Аймақтың тіршілік нәріне деген тапшылығы қалай шешіледі? 

Бұл соңғы жылдары судан тапшылық көре бастаған қала шетіндегі бау-бақша ұжымдарының бірі. Іргедегі Сазды су қоймасының қоры өткен жылы мұндағы 250 учаскенің 100-іне жетпей қалған. Соның салдарынан иелері еккен бағын цистерналы көліктерді жалдап суарыпты. Қыс түскелі бері жауған қардың аздығы қазір де алаңдаушылық туғызып отыр. Ал құдық қазып амалдаудың өзі қыруар шығынды талап етеді.

Гатаулла Қазиев, бау-бақша ұжымының жетекшісі:

- Көбісі қазір жерін тастаған жоқ, бірақ не боларын күтіп отыр. Құдық қазғандар бар. Құдықтың тереңдігі 30 метрден басталады. Бірақ суы ащы. Таза су бар 76 метр. Бірақ ол скважина қымбат болып тұр. Бір скважина қазір миллион жарым ақша шығып отыр. Ал біздің коллективтің ішінде көбісі зейнеткер, онша қымбат болады.

Су айдындарының көктем мен жазда толмай, қажетті көлемнің жетпей тұрғанына үш жылдан асып барады. Ауа райын болжаушы мамандардың айтуынша, биыл да тапшылық болуы әбден мүмкін. Себебі күзде түскен жауын-шашын қажетті нормадан үш есе аз. Ал қазіргі қардың қалыңдығы бар болғаны 20 сантиметрден әрең асады. Сондықтан облыстағы ірі Ор, Ырғыз, Темір өзендерінің де толуы екіталай. Мәселен, Қосестек арнасындағы соңғы 3 айда түскен қардың мөлшері қалыпты нормадан әлдеқайда төмен.

Гүлзада Алтиева, жетекші инженер-гидролог:

- Қар аз түсті. Оған қоса кешегі жылы күндерде еріп те үлгірді. Сондықтан алдағы айлардың қарлы болғаны дұрыс. Жалпы көктемде айтарлықтай су тасқыны болмауы мүмкін. Жердегі ылғалдылықтың аздығын ескерсек, тез сіңіп кетуі ғажап емес.

Жауын-шашынның аздығынан Ақтөбе, Сазды, Қарғалы су қоймаларындағы су деңгейі де соңғы бірнеше жыл қатарынан төмендеп кеткен. Үшеуінің жалпы сыйымдылығы 540 млн текше метрді құрағанымен қазір 70 млн текше метр су бар. 

Әділжан Әлізақ, «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалының директоры:

- Ақтөбе водохранилище бойынша 20 пайыз ғана бар ішінде. «Қазгидрометтің» болжамы бойынша 40 млн келеді деп тұр. Бірақ ол өте аз. 100-120 млн болса, сол кезде біз жазды жақсы өткіземіз бе деп тұрмыз. Қарғалы су тоғаны бойынша да қазір тек он пайыз бар. Сазды су тоғанында да сондай жағдай.

Мамандар ақпан мен наурыз айында қардың қалың түсуін күтіп отыр. Жауын-шашын аз болса, жазда суды тұтынатын бағбандар мен шаруашылықтарға мейлінше үнемдеуге тура келмек. Бұл ретте «Қаз су шар» кәсіпорнының өкілдері тамшылатып суару әдісі секілді жаңа технолгияларды кеңінен қолдануды ұсынып отыр. Сондай-ақ алдағы жылдары егін және өсімдік шаруашылығы үшін аймақта алты су қоймасын іске қосу көзделген.

Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы