Алматыдағы шаруашылықта арыстан ұстаған адам жауапқа тартылады

Алматы облысындағы шаруа қожалығының бірінде табылған арыстан Алматы зообағына жіберілуі мүмкін. Аң патшасын Шымкент хайуанаттар бағы да қабылдауға дайын көрінеді. Бұл туралы облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы хабарлады. Арыстанды асыраған азамат әкімшілік жауапқа тартылады.

Арыстан туралы ең алғашқы хабарлама Талғар аудандық полиция басқармасына келіп түскен. Бесқайнар ауылындағы шаруа қожалықтарының бірінде қамауда жүрген жыртқыш аңды жергілікті тұрғындар байқаса керек. Иесінде ешқандай рұқсат құжаттары болмай шықты. Қазақстанға қашан және қандай жолмен жеткізілгені де белгісіз. 

Ернар Сайдилдин, облыстық ІІД Ресми өкілі:

- Қазіргі таңда арыстанның иесі 28 жасар Алматы қаласының тұрғыны екені анықталды. Дерек негізінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 389-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Іс материалдары орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына жіберілді.

Әкімшілік құқық бұзу кодексіне сәйкес жеке тұлғалардың жабайы аңдарды елімізге кіргізуіне немесе шет елге шығаруына, асырауына рұқсат етілмейді. Егер заңды бұзса он айлық есептік көрсеткіш көлемінде айппұл төлейді. Қазіргі уақытта 3 жасар арыстанның жалпы ахуалы жақсы. Жыртқышты зообаққа орналастыру жұмысы аяқталғанша ол иесінде қалады.

Нұрқуат Қонысбаев, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысының орынбасары:

- Алматы қаласына деп басшылық солай сұрап отыр. Алматы қаласымен келісім жүргізіп жатыр. Қала әкімдігімен, зоопарк басшылығымен. Ал Шымкент зообағында олар дайынбыз деп отыр қабылдауға. 

Зоолог мамандардың айтуынша арыстан сияқты  жыртқыш аңды сатып алуға немесе асырауға  заңды мекемеге ғана рұқсат етіледі. Жабайы аңның қай елден алынғаны, асыранды немесе табиғаттан ұсталғаны, Қызыл кітап тізімінде бар-жоқтығы туралы мәлімет жазылған ветеринарлық құжаттары болуы шарт.

Марина Чирикова, ҚР Зоология институтының ғалымы:

- Өткен жылы елімізге оншақты тотықұс, лимур, жолбарыс пен маймылыдар жеткізілді. Бірақ барлығы хайуанаттар бағы мен жекеменшік питомниктерге орналастырылды. Заңға сәйкес ресми рұқсат құжаттары бар. Бірақ жыртқыш аңдар өте сирек келетінін айта кетейік. Жеке тұлғалардың асырап, ұстауына рұқсат етілмейді. Десе де, қазір жыртқыш аңға құмар кәсіпкерлерде ішінара кездесіп тұрады.

Елімізде бұған дейін де арыстанды заңсыз асыраған жағдайдар  болған. Мысалы, екі жыл бұрын Алматы қаласының тұрғыны «арыстанның 1 айлық аланын 10 мың долларға сатамын» деп әлеуметтік желіде саудалайды. Ал өткен жылы далада емін-еркін жүрген арыстан Ақтау қаласы тұрғындарының зәресін ұшырған еді. Жыртқыштың иесі табылып, әкімшілік жауапқа тартылды. Сол Симба есімді арыстан Алматы хайуанаттар бағына жеткізілді. 

Енді Алматы облысының Бесқайнар ауылынан анықталған арыстанға да осы хайуанаттар бағынан орын табылуы ықтимал. Бүгін зообақ мамандары жыртқыштың ахуалын тексеріп қайтыпты.

Авторлар: Алмас Садуақас, Эдуард Кон