Мамандар: Ресейлік «Спутник V» вакцинасынан қорқудың қажеті жоқ

Семейде вакциналау жайында жалған ақпарат тарады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дүрбелең туып кетпес үшін жұқпалы аурулар мамандары, эпидемиологтар және вирусологтар дер кезінде пікір білдіріп, вакциналаудың маңызын түсіндірді. Білікті мамандар «ресейлік «Спутник V» вакцинасынан қорқудың қажеті жоқ» дейді. Керісінше, осы екпе арқылы халықты қауіпті дерттен құтқаруға болатынын түсіндірді. Десе де, мамандар вакцинаның адамдарға әртүрлі әсер етуі мүмкін екенін ескертті. Мысалы, психикасы әлсіз адамдарда процесс күрделі өтеді екен. Кейбір науқастар тіпті есін де жоғалтып жатады. Алайда, бұл екпенің адам денсаулығына зияны жоқ. Вакциналау науқаны басталғалы Семейде екі жүзден астам адам екпе салдырған.

Татьяна Терехова, жоғары санатты дәрігер:

- Адамдар желдей ескен жалған ақпараттарға сеніп қалып жатады. Мен оларға дәлелденген, нақты ақпарға сүйену керек екенін айтамын. Бұл вакцинаның адам ағзасына ешқандай зияны жоқ. Осы арқылы біз қауіпті індеттен арыла аламыз. Оның аутизм, болмаса, сал ауруларына шалдықтыратыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ел ішінде тараған қауесеттерге сенбеу керек.