Алматыда онлайн несиеден алданғандардың қатары артқан

Алматыда онлайн несиеден алданған адамдардың қатары артқан. Тіпті олар қарыз екенін коллекторлық компания өкілдері берешекті қайтаруды талап еткен кезде білген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тексере келе анықталғандай, алаяқтар бөгде адамдардың төлқұжатындағы мәліметтері арқылы шағын қаржы ұйымдарынан несие рәсімдеген. Мұндай онлайн несие алу алаяқтар үшін қазір тым оңай болып тұр.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Ботакөз Тағыбекова қазір банктер үшін қара тізімдегілердің қатарында. Мүліктері мен банк карталары бұғатталған. Себебі, мойнында жарты миллион теңге қайтарылмаған қарызы бар-мыс. Алайда, «Ботакөз ешқандай несие алған жоқпын», дейді. Айтуынша, өткен жылы қаңтар айында белгісіз біреу оның атынан 120 мың теңге несие рәсімдеген. Ботакөз бұл туралы 9 айдан кейін бір-ақ біледі.

Ботакөз Тағыбекова, қала тұрғыны:

- Осы қыркүйек айында менің үйіме шақырту келді. Онда «Сіз несие төлемей жатырсыз. Микрокредиттік ұйым жаңағы коллекторлық ұйымға сіздің жұмысыңызды берді. Сізден енді сот орындаушылары ақшаны талап етеді», делінген. Мен қандай сома десем, «120 мың теңге алғансыз, сол қазір проценттері өсіп, коллектолық ұйымның пайызы, қызметі бар», дейді. Менің жаңағы несием жарты миллионға шығып кеткен.

Жалған несиенің тарихын тексергенде Ботакөздің төлқұжат мәліметтері сәйкес келгенімен, мекенжайы, телефон нөмірі өзінікі болмай шыққан. Ол: «рәсімделген несиені растау туралы телефоныма ешқандай хабарлама келген жоқ», дейді. Алаяқ қомақты қаржыны банкомат арқылы шешіп алған. Ал ондағы бейнежазба екі айға дейін ғана сақталады екен.

Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:

- Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті тергеу амалдары жүргізілуде. Сезіктінің аты-жөні анық. Бұл кісіні ұстауға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылуда. Қылмысты жасау үшін неше түрлі айлаларды ойлап табуда. Қазіргі таңда бірнәрсені сату, сатып алу интернет желісі арқылы болғандықтан, алаяқтар осылай адамдарды алдап кетіп жатыр.

Алматыда алмаған несиенің артында аяғынан тозып жүргендер көп. Қорғаушы Рахман Абдырахмановтың айтуынша, полиция департаментінің бір ғана тергеушісі 300-ге жуық арызды қарауда. Оқиғасы әртүрлі болғанымен, бәрінің желісі ұқсас. Оңды-солды берілген онлайн несие алаяқтар үшін оңай ақшаның көзі болып отыр.

Рахман Абдырахманов, қорғаушы:

- Мәселенің бірнеше түйіні бар. Зардап шеккендер тергеу органдарына арыз жазғанымен, ол уақытында қаралмайды. Менің қорғауымдағы төрт азамат қазан айында арыз жазған, әлі нәтиже жоқ. Көрсетілген нөмір арқылы жариясыз түрде тергеу амалдарын жүргізсе, ендігі қылмыстың шеті шығар еді. Тағы бір мәселе – шағын қаржы ұйымдары клиенттердің жеке мәліметтерінің сәйкестігін дұрыс тексермейді. Нәтижесінде қарапайым азаматтар алаяқтардың құрбанына айналып отыр.

Алаяқтан амал артылған ба?! Бірі есеп айырысатын болып есепшотты біліп алса, екіншісі біреудің төлқұжатына жаңа телефон нөмірін тіркеп, сол арқылы несие алған. Қалай болғанда да, оңай ақша мен жылдам несиелер көптің көз жасына айналып отыр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев