Қарағандыда 400 автобус жүргізушісі жетіспейді

Қарағандыда қала ішіндегі автобус маршруттарына 400 жүргізуші жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осының салдарынан бірқатар бағыт бойынша қатынайтын қоғамдық көлік тоқтап тұр. Қалалық әкімдік қазір жұмыспен қамту орталықтары арқылы жүргізушілер іздеуде. Ал, автопарктер бұл мәселені қалай шешеді?

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Қазір Қарағандыда автобус тізгіндеп жүрген 500-дей жүргізуші бар. Тағы 400-і жетіспейді. Мәселенің қаншалықты күрделі екенін осыдан-ақ байқауға болады. Оның үстіне жүргізуші куәлігін алу төңірегіндегі заңнамалық өзгерістер жағдайды тіптен қиындатып жіберген.

Темірлан Талдыбаев, Жолаушылар тасымалы бөлімінің бас маманы:

- Жұмыстың ауыр тәртібімен байланысты және жүргізуші «D» санатын алу қиындығы да бар.Ол үшін олар алдымен «D1» санатын алу керек, содан кейін ол 3 жылдан кейін «D» санатын алады. «D1» бойынша бізде автобус жоқ, барлығы «D» категориясына келеді.

Осының салдарынан таңның атысы, күннің батысымен жүрген жүргізушілер қосымша тағы да сағаттап жұмыс істеуге мәжбүр. Соңғы бір жылдан бері жолаушылар нөпірі азайған, басшылық тапсырған жоспарды орындау тіптен қиын.

Баһадүр Абдуллаев, автобус жүргізушісі:

- Студент жоқ, жолаушы жоқ. Базар істемейді. 3-4 адам үшін жүресің. Бірақ жоспар сол жоспар. Жоспарды азайтқан жоқ. Еңбекақы жақсы, көңіліміз толады.

Ал, осы мәселеден зардап шегетін қарапайым халық. Мысалы жүргізуші жетіспеушілігінен бірқатар бағыт бойынша қатынайтын қоғамдық көлік тоқтап қалған.

Қарағандыдағы 20-дан астам бағытты үшінші автопарк жүргізеді. Оған да қазір шамамен 200 жүргізуші керек. Автобустар жүргізуші жоқ болғандықтан қаңтарылып тұрмауы үшін кей жүргізушілер артық жұмыс істеуге мәжбүр.

Тимур Есекеев, автопарктің қызмет көрсету бөлімінің басшысы:

- Жүргізушілер тиісті уақыттан айына 60-70 сағат көп жұмыс істейді. Ай сайын 176 сағат емес, 240 сағатқа дейін жолда жүретіндер бар. Ал, күн сайынғы жоспар - жүру құны 80 теңге болғандықтан, осыған орайластырылып жасалған. Жүргізушілер жетіспегендіктен толық дотация жасалған жоқ. Сондықтан айлықты көтеру мәселесі де қаралған жоқ.

Қалалық әкімдік болса жұмыспен қамту бөлімі арқылы жүргізушілер іздеп әлек. Алайда, осы уақытқа дейін аталған бөлім арқылы бірде-бір жүргізуші автопаркке жұмысқа тұрмаған.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев