Жүргізушілер 13 ақпаннан бастап куәлігі мен техникалық төлқұжатты алып жүруден босатылады

Көлік жүргізушілері куәлігі мен техникалық төлқұжатты өзімен бірге алып жүруі міндетті емес.

Тиісті жаңа заң 13 ақпанда күшіне енеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ жүргізушінің қолында жеке куәлігі болуы тиіс.

Қазақстандық көлік жүргізушілерін қуантқан жаңа заң апта соңында күшіне енеді. Оған дейін техникалық төлқұжат пен көлік жүргізу куәлігін ұмытуға болмайды. Кері жағдайда айыппұл төлеуіңізге тура келеді. Бүгін елордада қалалық полиция департаментінің қызметкерлері талапты бұзған жүргізушілердің деректері планшет арқылы қалай тексерілетінін көрсетті. Ал ол істен шыққан жағдайда...

Самат Балтабаев, қалалық полиция департаменті мамандандырылған батальонының аға инспекторы:

- Планшет болмай қалған жағдайда адамның төлқұжаты мен жеке куәлігімен бізде өзіміздің кезекші бөлімі радиобайланыс арқылы шығып, адамның толықтай ақпарат алуымызға мүмкіндігіміз бар. Оған көп уақыт кетпейді. Бір 3-5 минуттай кетеді, ары кетсе. База істеп тұрса, тез болады. Яғни жаңағы ЖСНы айтсақ, жеке тұлғаның жүргізуші куәлігінің бар-жоғы көрсетіледі.

Көлігі шетелде тіркелгендер мен жүргізуші куәлігін басқа елде алғандарға жаңа заңның қатысы жоқ. Қазір әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізіміне қосылған планшеттер саны 9 мыңға жуықтайды. Әр инспектордың қай көлікті тоқтатқанын және қандай шара қолданғанын өзге де әріптестері мен басшылық оқиға журналынан көріп бақылай алады.

Дияс Тақиев, қалалық полиция департаменті мамандандырылған батальонының аға инспекторы:

- Жалпы заңды заңдастырғаннан кейін бұл өзгерістерді жүргізушілерге ғана жеңілдік болмаса, бізге планшет берілгелі қалай болған, жұмыс сол қалпында қалады. Көбінесе енді жүргізушілердің құжаттарын ұмытып кетуі, үйінде немесе екінші көлігінде, жұмыс көлігінде ұмытып кетіп, сондай жағдайлардың болғаны болмаса қиындық туғызбайды.

Жыл сайын 500 мың көлік жүргізу куәлігі мен 1,5 млн техникалық төлқұжат беріледі. Былтырғы статистика бойынша аталған құжаттарды жол сақшысына көрсете алмаған 148 мың жүргізушіге ескерту берілді. Оның ішінде 18 мыңнан астам азаматқа айыппұл салынды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев