Елімізде 40-қа жуық автовокзал жабылып қалудың аз-ақ алдында тұр

Елде жолаушы тасымалымен айналысатын 200-дей компания және 40-қа жуық автовокзал жабылып қалудың аз-ақ алдында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

KAZLOGISTICS одағының мәліметіне қарағанда, несібесін осы саладан тауып жүрген 4 мыңдай адам жұмыстан қысқарды.

Мұндай жағдайға не себеп?

Мамандардың айтуынша, табыстың азайып, компаниялардың тығырыққа тірелуіне карантиндік шектеулер қатты әсер етті. Яғни ел ішінде жолаушылар ағыны 60%-ке азайған.

Елде қашықтығы 300 шақырымнан асатын жерге қоғамдық көлікпен жолаушы тасымалдауға рұқсат жоқ. Мұндай шешім карантин талаптарын сақтау мақсатында шығарылған. Ал бізде қалалардың арасы бір-бірінен алыс екенін ескерсек, көп бағыттарға автобус қатынамайды. Бұл қалааралық таксилердің көбеюіне әкелді. Осылайша, бұрыннан бәсекелес болып келе жатқан заңсыз тасымалдаушылардың кәсібі өрге домалап кетті. Ал қазынаға салық төлеп отырған тасымалдаушылар табыссыз отыр. Оған қоса, олардың автопаркі де ескірген. Сондықтан KAZLOGISTICS одағы халықаралық бағытта жолаушы тасымалдайтын операторлар автобус әкелгенде алғашқы тіркеу мен утилизациялық салықтан босату керек деп санайды.

Жоғарыда айтқанымыздай, алыс бағыттарға автобус болмағанымен, азаматтар қатынап жатыр. Керек жеріңе жеткізетін такси де аз емес. Жүргізуші мен жолаушыны байланыстыратын бірнеше мобильді қосымша жұмыс істейді. Солардың бірінде елордадан өзге қалаларға бару ақысы қанша екенін салыстырып көрдік. Мәселен Нұр-Сұлтаннан Қарағанды немесе Көкшетауға бару үшін әр адам 3000-3500-ден төлейді. Павлодар мен Петропавлға таксимен бару ақысы 6-7 мыңнан. Елорда мен Алматы арасында қатынайтын такси жүргізушілері бір адамнан 10 мың алады. Өскеменге 12 мың. Қызылорда мен Шымкенттіктер 15 мыңнан қатынайды.

***

«Нарықтағы баға» айдары

Қалааралық қатынастың жол ақысын айттық. Енді «Нарықтағы баға» айдарында қала ішіндегі қоғамдық көліктерде жүру ақысы қанша екеніне шолу жасаймыз. Осы тұсата айта кету керек, кей өңірлерде жол ақысын электронды түрде төлеу жүйесі енгізілген. Оны пайдаланғандарға жеңілдік қарастырылған.

Ел бойынша қоғамдық көлікпен қатынау ең қымбат қала елорда. Егер мұнда қолма-қол төлесеңіз жол ақысы – 180 теңге. Ал егер электронды жүйенің көмегіне жүгінсеңіз –90 теңге. Талдықорғанда да ұқсас жағдай. Нақты төлесеңіз, 140 ал электронды жүйеде 80 теңге. Таразда 130/65. Шымкенттіктер электронды жүйені пайдалану арқылы 30 теңге үнемдей алады. Қызылордада айтарлықтай айырмашылық жоқ. Қолма қол 90, электронды түрде 80 теңге. Ақтау, Ақтөбе, Петропавл және Өскемендегі автобустарда электронды төлеу жүйесі қарастырылмаған. Аталған қалаларда жол ақысы 70, 80 90 теңге шамасында.

***

Темір жол тасымалының табысы кеміді

Былтыр пойызбен қатынайтын жолаушылар ағыны да айтарлықтай азайды. Бір жылда шойын жол үстімен 11 миллион 300 мыңдай жолаушы ары-бері жүрді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 48%-ке аз. Түскен пайда 45 миллиардқа жуықтайды. Ал жүк тасымалы керісінше көбейді. 12 айда 413 миллион тонна жүк вагонмен тасылды. Одан түскен пайда 939 миллиардтан асады. Яғни, темір жол арқылы тасымалдаудан түскен табыстың 95%-тейі жүк тасымалының үлесінде.

***

Әуе қатынасы 2023 жылға дейін жандана қоймайды

Бір-бірінен алыс орналасқан елдердің арасында тікелей әуе қатынасы 2023 жылға дейін жандана қоймайды. Халықаралық сарапшылар осындай пайым жасады. Олардың айтуынша, биыл күзге дейін Еуропа елдерінің барлығы өз азаматтарына ковидке қарсы вакцина салып бітеді. Яғни келер жылы туристік бағыттар ашылады. Десе де, алыс қашықтыққа ұшатын рейстер әзір іске қосылмауы мүмкін. Әуе көлігінің халықаралық қауымдастығы жағдайдың жақсаруына ковид-паспортын енгізу оң әсер етеді деп сенеді. Бірақ Еуроодақ елдері бұл турасында ортақ байламға әлі келген жоқ.

***

«Твиттердің» табысы артты

Бір жылда «Твиттер» компаниясының жалпы табысы 28%-ке артып, 1,29 миллиард долларға жетті. Акцияларының құны 3%-ке көтерілді. Сарапшылардың айтуынша, «Твиттерге» тек қана жарнаманың өзінен 1 миллиард доллардан астам кіріс келді. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 31%-ке көп. Таза табыс 222 миллионан асады. Кіріспен бірге компанияның шығыны да артқан. Былтыр соңғы тоқсанда 1 миллиард доллар шығын деп есептелді. Мұны қызметкерлер санының 20%-ке көбеюімен байланыстырады. Әлеуметтік желіні жасаушылар инженер, дизайнер, сарапшыларды көбейткен. Осының есебінен шығынмен қатар табыс та артатынына сенеді. Биыл бірінші тоқсанда 1 миллиардтай пайда табамыз деп жоспарлап отыр.

***

Енді валюта бағамына тоқталсақ. Еліміздің ұлттық банкі АҚШ-тың бір долларын 417 теңге 84 тиынға бағалады. Еуро 506 теңге 3 үш тиынға тең. Ал Ресей рублі 5 теңге 66 тиын деп белгіленді.