Шатырдағы мұз сүңгілерін кім тазалайды?

Елордадағы медициналық мекемелердің травматология бөлімшесіне былтырдан бері 100 мыңдай адам жүгінген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауыр жарақат алғандардың басым бөлігі тайып құлаған немесе шатыр мұзынан зардап шеккен. Осы жағдайға байланысты былтыр Есіл ауданында 18 пәтер иелері кооперативі мен ақылы қызмет көрсететін 14 компанияға 1 млн теңгенің айыппұлы салынған.

Күн райының құбылмалы болуына байланысты қаладағы нысандардың шатырында мұз қатқан. Күн жылыса еріп, тұрғындарға қауіп төндіреді. Қатқан мұзды дер кезінде тазартпаудың салдарынан қайғылы жағдайлар да болып жатады.

Досбол Ғалымжанұлы, №5 травматология бөлімшесінің травматолог-ортопед дәрігері:

- Жылына мөлшермен 115 мыңға жуық адам Нұр-Сұлтан қаласы бойынша дәрігер травматологтың көмегіне жүгінеді. Соның ішінде 45 мыңға жуығы көше жарақаты. Бұл жарақаттардан жас мөлшеріне қарамайды. Карантиндік шектеулерге байланысты қоңыраулар 15 мыңға азайған.

Көп қабатты үй шатырынан сүңгілерді түсіру үшін арнайы мамандардың көмегі қажет. Бірақ олардың қызметі қымбат. «Жергілікті атқарушы органдар мұзды тазалау пәтер иелері кооперативінің міндеті», - дейді. Алайда оң жағалаудағы үйлерде салбырап тұрған мұз сүңгілері жиі байқалады.

Бақыт Тілеулина, қала тұрғыны:

- Үйден көшеге шыққам, сол тратуарда үсті қар асты мұз екен. Сол құлап қалдым. Ойлағамын, еті созылған деп. Отырып қалдым. Сосын дәрігерлерге келдім. Шытынағаны бар, соны дұрыстау керек. Шатырлардан мұз ағады қар түседі. Қабырғаға жақындамай, сақтау шараларын қолдап жүрген дұрыс. Бейнет аяқ астынан.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Көп қабатты үйлердің шатырына қатқан мұз тұрғындарға қауіп төндіретіні рас. Ондай фактілер бар. Мұз сүңгілерін көзіңіз шалса, үйге жауапты мекемеге хабар беру керек. Егер оларда жауапсыз қалдырса, 109 нөміріне хабарласып, оқыс оқиғаның алдын алуға болады.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Аят Дүсембаев