Сенатор құс етінің қымбаттауына наразы

Жұмыртқа мен құс етінің қымбаттауының негізгі себептерінің бірі жем-шөптің қымбаттауы болып отыр.

Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов осы мәселені шешу жолдарын премьер-министрдің атына жолдаған сауалында жан-жақты айтып берді, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Оның айтуынша, кейінгі кезеңде көптеген жем-шөп 1,5-2 есе қымбаттады. Сонымен қатар Қазақстан шетелден асылтұқымды құстарды, үнемі қымбаттап бара жатқан дәрумендік қоспалар мен басқа да керек-жарақты сатып алуға мәжбүр болуда.

«Біз соңғы уақытта тауық жұмыртқасы мен құс етінің бағасы өсіп бара жатқанын көріп отырмыз. Мұның бірнеше себебі бізге белгілі болды. Олардың ішінде елімізде асылтұқымды құстарды қалыптастырудағы проблемалар да бар. Оларды бүгінгі таңда импорттауға тура келіп отыр. Сонымен қатар құс өсірушілер кәсіпорындарға арналған қажетті жабдықтарды, дәрумендер мен арнайы жем-шөпті де шетелден әкелуге мәжбүр. Біздің елімізде құс өсіруге арналған жемдік дақылдар мен шөптен басқа ештеңе жоқ деп айтуға болады», – деді сенатор.

Бағаның өсуіне әкелетін мәселелерді шешу үшін құс өсірушілерге мемлекет тарапынан қолдау қажет. Сұлтан Дүйсембинов кейбір отандық құс фабрикалары қазір жабылу алдында тұрғанын атап өтті. Сенатор осыған байланысты сала кәсіпкерлері үшін Үкімет лайықты жағдай жасауы тиіс деп санайды.

«Олардың ішінде 5 жылға несие каникулын ұйымдастыруға жәрдемдесу, сақтандыру сыйақылары жарнасын субсидиялау және асылтұқымды құсты сатып алу, жем-шөп қорын құру, әкімшілік тосқауылдарды жою және жосықсыз бәсекелестіктен қорғау бар», – деді Сұлтан Дүйсембинов.