Павлодар облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша квота саны артты

Павлодар облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша экстракорпоральды ұрықтандыруға бөлінген квота саны жеті есеге артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нақтырақ айтқанда, биыл облысқа 290 квота бөлінді. Ал былтыр 49 квота беріліпті. Бағдарламаға 18 және 42 жас аралығындағы әйелдер қатыса алады. Қазіргі уақытта аймақта 859 отбасы кезекте тұр. Өңірдегі әр жеті отбасының біреуі бала сүйе алмайды. Квота алу үшін медициналық сақтандыру мен Қазақстан азаматтығы болуы шарт. Сондай-ақ ресми некеде тұру қажет етілмейді. Бірақ болашақ ата-ана баланы өз жауапкершілігіне алып, тәрбиелейтіні жөнінде кепілхат беруі керек.

Айта кетейік, осы уақыта дейін Павлодардағы репродуктивті денсаулық орталығының көмегіне 1500 отбасы жүгінген. Нәтижесінде 200 жанұя бала сүйді.

Гүлнәр Жармакина, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бала және ана денсаулығын қорғау бөлімінің жетекшісі:

- ЭКО квотасын алу үшін ерлі-зайыпты денсаулығы жағынан дайын болуы керек. Олар толыққанды ем-дом шараларынан өту қажет. Бүгінгі таңда экстракорпоральді ұрықтандырудың тиімділігі 30%-тен көп емес. Бұған дейін 43%-ке де жеткен. Ұрықтандыру кезінде ерлі-зайыптылардың жасы 42-ден аспау керек.