Елордадағы бес аурухана науқастарына шұғыл түрде қан құю қажет

Елорданың бес бірдей аурухана науқастарына шұғыл түрде қан құю қажет, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қордағы I және II топтағы қанның жетіспеушілігін айтып, дәрігерлер дабыл қақты. Мәліметтер қорындағы донорлардың тізімі бойынша хабарласып, шаһарда жүргендерін қол ұшын созуға шақырып отыр.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Джахангир Мырзақұлов бүгін тұңғыш рет қан тапсыруға келді. Науқас әжесіне шұғыл түрде қан құю қажет екен. Он сегізге енді толған жеткіншек ойланбастан жақын адамына көмектесемін шешті.

Джахангир Мырзақұлов, донор:

- Менің әжем аурады, оның қан жетіспеушілігі бар. Содан кейін мен көмек көрсету үшін келдім. Енді тұрақты донор болуға ниетім бар. Жыл бойы келіп отырамын.

Түс мезгіліне таман қан орталығында қарбалас басталды. Джахангир сияқты жақын туыстардан бөлек қан керегін естіген ерікті донорлар да мекемеге ағылып келді. Бүгін таңертең қаланың бес бірдей ауруханасынан  келіп түскен өтінімдерді сараптаған мамандар резус факторы оң бірінші қан тобына 60, дәл сондай резустағы екінші қан тобына 50 донордың қажет екенін түсінген. Онсыз да соңғы екі аптада қанның дәл осы топтарына өтінім көбейген. Сол себепті қан қорын тездетіп толықтыру қажет. Ал бұл оңайға түспейтін шаруа.

Зәуреш Әлменова, Қан және оның компоненттерін дайындау бөлімшесінің дәрігері:

- Бұрын пандемия болмағанда бізде қан орталығынан басқа көшпелі топ болатын. Бүкіл медициналық мекемелері бар, Төтенше жағдай департаменті, Ұлттық гвардия, әскери болемшелер. Біз барып қан алып келе алатын жағдайлар болатын. Осы пандемияға байланысты қазір қан тапсырысы көп, өйткені біз білеміз, халықтың арасында онкогематлогиялық аурулар соңғы кезде көп кездесіп жатыр. Онкологиялық аурулар да кездеседі.

Ия, донор болу – абыройлы іс. «Бірақ бұл іске де үлкен жауапкершілік таныту қажет», - дейді мамандар. Ол үшін бірнеше ережені қаперде ұстаған абзал.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Қан тапсырарда бір күн бұрын сүт өнімдері, жаңғақ, қуырылған және майлы тағамнан бас тартқан жөн. Вирусқа қарсы дәрі, антибиотик қабылдап жатқандарға да әзір қан тапсыруға болмайды. Арада бірнеше күн өту қажет. Жалпы бұл туралы толық ақпарат қан орталығының ресми сайтында келтірілген.

Мекеме мамандары күн сайын тұрақты донорларға хабарласып, қан тапсыруға шақырады. Ал, бүгінгідей тапсырыс көбейген кезде жұмыс тіптен қыза түседі. Өйткені, донорлардың тізімін шұғыл ұлғайту міндет. Үндеу тастаған кезде азаматтардың көмекке асыққаны қуантады, әрине. «Тек игі іске үндеу тастағанда ғана емес, күнде осылай жұмылса, нұр үстіне болар еді», - дейді дәрігерлер. 

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ерзат Зайытханов