Алматы облысында мемлекеттік қызметкерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Жемқорлық фактісі бойынша ұсталған Талғар ауданының бұрыңғы әкімі мен облыстық білім басқармасының басшысына қатысты істе өзге де лауазымды тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатын өткізген Алматы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент өкілдері мәлімдеді. Сала жауаптылары қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар арнайы операция кезіндегі бейнежазбаны жариялады. Онда күдіктілердің аудандық әкімдік ғимаратында ұсталғаны байқалады. Ал білім саласы қызметкерлері мен оларға пара берушілерді қолға түсіру күндізгі және түнгі уақытта жүргізілген.

Айта кетейік, Талғар ауданының әкімі, орынбасары және бөлім басшысына 10 млн теңге, ал білім басқармасының басшысы және ақпараттық технология орталығының жетекшісіне 37 млн теңге пара алды деген айып тағылып отыр. 

Нүсіп Шоқанұлы, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің аға тергеушісі:

– Сотқа дейінгі тергеп терксеру амалдары жүргізіліп болғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жолданып, соттың үкімімен күдікті және айыпталушылар айыппұл немесе бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.