Жамбыл облысындағы Жаңатас тұрғындары үшінші күн жылусыз отыр

Жамбыл облысы Жаңатас қаласында жылу толық қосылмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Орталық қазандықта жағатын мазут тапшы. Бүтін бір шаһардың жылусыз отырғанына үшінші тәулікке созылып барады. Қазір әлеуметтік нысандардың жұмысы тоқтап қалған.

Ал ауруханаларда электр жылытқыштарды пайдаланып амалдауда. Мамандар екі күннен бері қазандықты іске қоса алмай әлекке түсіп жатыр.

Бұл балақайлардың жылу көрмегендеріне бірнеше күн болған. Аяқтарында жүннен тоқылған шұлық, үстерінде жылы жейде. Көршісінің үйінен алып-ұшып жеткен аналары балалары бірінен кейін бірі ауыра бастағанын айтып шағымданып отыр. Бұл бір үйдегі көрініс ғана. Дәл осылай қаладағы 92 көпқабатты үйдің тұрғындары жылуды күтіп отыр. 

Арайлым Айтымбетова, Жаңатас қаласының тұрғыны:

– Жылу жоқ. Бүгін үшінші күн болды. Үйдің іші суық. Кеше жылу келген жоқ. Түнімен бір бөлмеде бәріміз тығылып жатамыз. Кішкентайым  бір жарым жаста. Жөтеліп кешеден бері.

Үйдің іші салқын. Арайлым қазір жеті баласымен мына аядай бөлмені жылытып күнелтіп отыр. Жылу мүлдем ажыратылған. Батареялардың барлығы қазір тастай. Ал үйді тағам пісіретін электрлі пештің аузын ашып қойып жылытып отыр. Ал балалар арқасын осы пешке қыздырып отырған сәт.

Қалада 41 бюджеттік мекеме 11 білім беру және 2 денсаулық сақтау нысандарында жылу мүлдем жоқ. Мектептерде дәстүрлі түрде білім алып жатқан оқушылар онлайнға ауысқан. Балабақшалардың жұмысы тоқтап тұр. Ал ауруханаларда электрлі жылытқыштарды пайдаланып амалдауда. Қазір 20 мыңнан астам тұрғын дірдектеп жылусыз отыр.

Манар Қасымбекова, «Айгүл» балабақшаның шаруашылық меңгерушісі:

– Балалар келіп жатқан жоқ. Жылу жоқ. Салқын. Балаларды қалай қабылдаймыз.

Орталық қазандыққа жағатын отын жоқ. Қолда бар мазут қоры толықтай жарамсыз болып шыққан. Сапасыз мазут қатты аязда жанбай қалды. Қазір көрші Қаратау қаласынан көмекке 400 тонна мазут жеткізіліп жатыр. Егер қазандық жұмыс істеп кетсе, бұл отын шамамен 6 күнге ғана жетеді.

Ғани Искаков, Жаңатас қалалық орталық қазандық директоры:

– 400-дің бәрі түгел келген жоқ. Бүгінгі таңда келгені – 60 тонна. Бүгінгі 60 тонна. Соның бәрін қабылдап отырмыз. Мазут сапасы төмен болғаннан кейін жанбай жатыр. Жанған кезде су болып кетіп жатыр.

Отынмен қамтамасыз етуге міндетті мердігер кешіктірген. Келісімшартқа сәйкес қаңтар мен ақпан айларында 2500 тонна мазут жеткізу керек болған көрінеді. Алайда соның жарты бөлігін ғана өткізген. Оның өзі сапасыз отын болып шықты.

Бақытжан Жақсылықов, Сарысу ауданының әкімі:

– Екі қазандықты қосамыз. Жалғыз емес. Тезірек режимге кіру үшін. Ауа температурасына байланысты көпқабатты үйлерге 61 градус шамасында жылу бере береміз. Мердігер өзінің жұмысына қатысты заң органдарына берілген. Бүгінгі таңда ол сот органдарында қаралып жатыр. Заң талаптарына сәйкес жұмыс жасалып жатыр.

Бұған дейін мамандар қазандықты 8 рет іске қосып көрген. Барлық әрекет сәтсіз шыққан. Қазір соңғы түскен ақпарға сәйкес қазандық іске қосылған көрінеді. Аудан әкімі бүгін қалада 6-8 сағат ішінде жылу толық қалыпқа келеді деп сендіріп отыр. Естеріңізде болса, әкім дәл осылай сағат 21:00-ге дейін жылумен қамтамасыз етеміз деп уәде берген болатын.

Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә