Түркістан облысындағы әлеуметтік үйдің тұрғындары баспаналарының сапасыз салынғанына шағымданды

«Газ жоқ, пеш тартпайды! Үйдің төбесінен су ағады». Түркістан облысы Байдібек ауданының орталығындағы әлеуметтік үйдің тұрғындары баспаналарының сапасыз салынғанын айтып, шағымданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті әкімдікке мәселені шешіп беру туралы өтінішпен шыққан. Бірақ әзірге еш нәтиже жоқ дейді салы суға кеткен тұрғындар.

Қаздың балапанындай қатар тізілген мына 20 үй осыдан 3 жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен салынып, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға үлестірілген. Алайда жылдар бойы зарыға күткен баспанаға қол жеткізген тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Жаңа үйлердің сапасы сыр бере бастаған. Сексенге таяған Дариға әже от жағатын пештің құбыры дұрыс салынбағанын, соның салдарынан үйдің іші көк түтін болатынын айтады.

Тағы бір мәселе – үйдің шатыры дұрыс жабылмаған. Жауынды күні төбеден су сорғалап, әбігерге салады дейді. Бұл баспана – осыдан 2 жыл бұрын Дариға әженің көпбалалы қызына берілген.   

Дариға Дүйсенбаева, Шаян ауылының тұрғыны:

– Жауын жауса төбемізден су ағады. Шелек қойып қоямыз. Сапасыз салынған. Төбесін қайтадан дұрыстап жауып берсін.

Сондай-ақ әлеуметтік үй тұрғындарын газ мәселесі де мазалайды. Себебі айналасындағы үйлердің барлығы көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Ал бұлар өздерін аралда қалғандай сезінеді. Аудан орталығы – Шаянның шетінде тұрып, өркениеттің игілігін көре алмай отырмыз деген көңілі күпті жұрттың жанайқайын аудан басшылығына жеткіздік.

Бағдат Жанғазиев, Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары:

– Біз мердігер мекемеден 2018 жылы қабылдап алғанбыз. 5 жыл кепілдемесі бар. Қазір 3 жыл болса, әлі 2 жылы бар. Үйдің төбесінен су кеткен, кей жері сапасыз деп, біз қазір құрылыс бөлімінің бастығымен сөйлесіп, оған тапсырма бердік. Сол жердегі кемшіліктердің барлығына акт жасап, мергідер мекемеге хат жолдайтын боламыз. Ол кемшіліктерді жасатып береміз.

Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары Бағдат Жанғаиев мырза биыл жыл соңына дейін әлеуметтік үй тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз етеміз деп уәде берді.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы