417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мүмкіндігі шектеулі жандарға берілген пәтерлер тиісті талаптарға сай ма?

  • 115
  • UPD: 22:26, 11.02.2021
Мүмкіндігі шектеулі жандарға берілген пәтерлер тиісті талаптарға сай ма?

Балалар кардиохирургтарының жалақысы төмен, жұмысы ауыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан жас мамандар бұл салада көп тұрақтамайды. Мамандықтың мәртебесін арттырып, нақты қолдау көрсету керек. Сенатор Нұртөре Жүсіп осы мәселені көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Ал сенатор Нариман Төреғалиев мүмкіндігі шектеулі жандардың баспана проблемасын жеткізді.

Әсіресе, балалардың жүрегіне ашық операция жасайтын мамандардың еңбегі бағалануы тиіс дейді сенатор. Былтыр 7 өңірдегі 10 кардиохирургия орталығында 1627 балаға операция жасалған. Оның мыңға жуығы – жасқа толмаған сәби. Депутат балалар арасында жүрек ауруының көбейгеніне алаңдайды. Оның айтуынша, алдын ала зерттеу жұмыстары жүргізілмейді. Сондай-ақ өңірлерде магнитті резонансты томография аппараты жеткіліксіз. Маман тапшылығы тағы бар.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Қазіргі таңда Қазақстанда балалардың жүрек аритмиясы бойынша терапиялық зерттеу жүргізіле бермейді. Өйткені республикамызда балалар аритмологтары, балалар кардиохирургы, мамандар жетіспейді. Үкімет осындай мамандықтар бойынша арнайы кадр даярлау мәселесін қолға алуы тиіс.

Соңғы жылдары мүгедек жандарға берілген пәтерлер тиісті талаптарға сай емес. Сенатор Нариман Төреғалиевтың айтуынша, үйлер 2018 жылы қабылданған арнайы құжат талаптарымен салынуы тиіс. Яғни, мүмкіндігі шектеулі жан еркін қозғалуы үшін есік жақтаулары, балкон, асхана мен әжетхана бөлмелері кең болуы қажет. Пәтер иелері ұзақ жыл кезекте тұрып шаршағандықтан, берілген баспананы місе тұтып, ешқайда шағымданбайды дейді. Мемлекет жылына 800 мүгедек жанға пәтер береді. Ал кезектегілер саны одан бірнеше есе көп.

Нариман Төреғалиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленіп жатқан «Әлеуметтік кодекс» аясында мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімді орта туралы заң нормаларын әзірлеп, осы кодекске арнайы бөліммен енгізу. Екіншіден, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолжетімді баспанамен қамту мақсатында «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға және мүгедектерге берілетін тұрғын үйлерге қойылатын талаптарды кеңейту бөлігінде уәкілетті органның ережелер жинағына халықаралық заңнамалар тәжірибесін зерделей отырып, өзгерістер мен толықтырулар енгізу. Үшіншіден, жергілікті атқарушы органдарға жаңадан салынатын тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжаттамаларын уәкілетті органның ережелер жинағының талаптарына сай жоспарлауды қадағалау.

Ал депутат Сұлтан Дүйсембинов жұмыртқа мен құс етінің қымбаттап кеткенін айтып, Үкіметке сауал жолдады. Құстың жеп-шөбінің бағасы да шарықтап шыға келген. Сондықтан құс шаруашылығына нақты қолдау қажет дейді. Құс фабрикаларының біразы тұралап қалды. Сенатор үкіметке 5 жылдық несие каникулын ұйымдастырып, субсидиялау мәселесін шешуді ұсынды.

Хабар 24 телеарнасы