Жаңатастағы жылуға байланысты мердігер жауапқа тартылады

Қазандықтың мұржасынан түтін шығып,  жүйе іске қосылғанына он сағаттан асты. 

Көріп тұрғандарыңыздай, орталық цехтың буы бұрқырап гүрілдеп жұмыс істеп тұр. Мамандар қайта-қайта қондырғыларды тексеріп қысым мен температураны бақылауға көшкен. Алайда жылу  10 сағаттан бері үздіксіз беріліп тұрса да жұрт әлі де үйлерінің толық жылымай тұрғандарын айтып шағымданып отыр. Мамандар бұл қалыпты жағдай кешке дейін толық жылынады дейді.

Естеріңізде болса, осыдан үш күн бұрын Жаңатастың орталық қазандығы істен шығып, 92 көп қабатты тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен бюджеттік мекемелер жылусыз қалған болатын. 20 мыңдай тұрғын шулап әлеуметтік желіде шағымын бірінен кейін жеткізіп жатты. Облыс әкімінің тапсырмасымен жедел арнайы жұмысшы топ құрылып, себебін анықтады. Қазандықтың өшуіне мердігердің жеткізген сапасыз мазуты себеп болған көрінеді. Су араласқан отын аязда жанбай жарамсыз болып шыққан. Соның салдарынан жүйені бірнеше рет тазартуға тура келген. Цех жұмысын қалпына келтіруге 40-қа жуық адам, бірнеше техника жұмылдырылды. Мамандар қазандықты 9 рет қосуға әрекеттенгенімен барлығы сәтсіз шықты. Тек оныншы дегенде Қаратаудан келген мазутты әупірімдеп жағып іске қосты. Қаратау қаласынан кеше көмекке 400 тонна мазут жіберілген. Бүгін таңертеңмен қосымша 100 тонна отын жеткізілді. Қазір  тоқтап қалған әлеуметтік нысандардың жұмысы қайта жандандырыла бастады.

Бақытжан Жақсылықов, Сарысу ауданының әкімі:

- Қазандық тұрақты жұмыс істеп тұр. Жылу жүйесінің температурасы режимі 55 градус. Сырттағы ауаға сәйкес. Сырттағы ауа райы -2 градусты құрап отыр. Жаңа тапсырма берілді. Әлеуметтік нысандарға оқушыларды сабаққа және балабақшаларға балаларды қабылдауға рұқсат берілді.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Енді бүтін бір қаланы әбігерге салған жауапсыз мердігер заң алдында жауапкершілікке тартылады.

Келісім-шартқа сәйкес, мердігер ақпан айында әлі 1500 тонна мазут жеткізуге міндетті. Аудан әкімінің айтуынша, отын теміржол арқылы жеткізіледі. Қазір вагондар Шымкент пен Тараз арасындағы станциялардың біріне жеткен көрінеді. Аузы күйген жауаптылар отынның ендігі келетін бөлігін зертхана арқылы жіті тексеріп содан кейін барып қабылдайтындарын айтып отыр.

Сондай-ақ...