Алдағы бес жылда 977 мың отбасы баспаналы болады

Алдағы 5 жылда 977 мың отбасына арналып 103 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Оның 300 мыңға жуығы әлеуметтік тұрғын үй ретінде жеңілдікпен беріледі.

Бұл туралы «Нұр-Отан» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын орындау үшін жасалған  жол картасын талқылау  кезінде Үкімет басшысы Асқар Мамин айтты.

Жол картасы 362 іс-шарадан тұрады. Негізгі міндет экономика мен өңірлердің тұрақты дамуын  қамтамасыз етіп, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру. Жол картасында апатты және үш аусымды мектептерді жою шаралары қарастырылған. Жалпы ел бойынша 800 мектеп салынады деп жоспарланған. Оның екі жүзі биыл пайдалануға беріледі.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Бұл Жол картасы әрбір облысты, әрбір ауданды, әрбір ауылды және барлық халықты қамтиды. Сонымен қатар алға қойған міндеттерді ашып, сапалы, тиімді орындауға кең жол ашады. Себебі онда партиямыздың төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес барлық сала бойынша, әсіресе, әлеуметтік сұрақтарды шешудің нақты шаралары көрсетілді. Енді осы Жол картасын Мәжілістің «Nur Otan» фаркциясы қатаң бақылауға алатын болады.