Алматыда алаяқ интернет-банкинг арқылы адамдардың ақшасын ұрлаған

Алматыда 41 жастағы ер адам интернет арқылы адамдардың ақшасын заңсыз иемденген, деп хабарлады Polisia.kz.

Криминалдық полиция басқармасының мәліметіне сәйкес Алматы облысының тұрғыны болып табылатын 1980 жылы туған азамат бөтен біреулердің ақшасын интернет-банкинг арқылы ұрлаумен айналысқан, сондай-ақ өзгелердің атына онлайн-несие рәсімдеген.

«Аталған азаматтың қылмыстық әрекеттері сериялық сипатқа ие. Қазірдің өзінде оның төрт эпизодқа қатыстылығы дәлелденді. Мысалы, қаскөйдің заңсыз әрекеттерінің салдарынан жас әйел зардап шеккен. Қаскүнем интернет-банкингті қолданып, әйелдің карточкалық шотынан шамамен төрт миллион теңге шешіп алған. Сонымен қатар ол интернеттен жеке деректері мен суреттері бар адамдарды тауып, олардың суреттерін пайдаланып, электронды қосымшаларды қолдана отырып, солардың атынан онлайн-несиелер рәсімдеген. Бостандық ауданының өзінде ғана осыған ұқсас үш бірдей оқиға тіркелді», – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Еркін Іңкәров.