Соңғы бес жылда елімізде 17 судья жемқорлық ісімен сотталған

Бұл жағымсыз статистика Ақордада жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жүргізіліп жатқан реформалар аталған салаға жаңадан білікті мамандарды жұмылдыруға, әділ сот төрелігін орнықтыруға тиіс екенін атап өтті. Жақында ғана Түркістан облысында болған жағдай да баяндалды. Облыстық соттың судьясы әрі алқа төрағасы қызметін атқарған ол парақорлық дерегі бойынша тұтқындалды.

Мұны Президент «масқара жағдай» деді. Жемқорлық деректері салада жетіп артылады. Елдің басқа да аймақтарында жаға ұстатарлық деректер анықталып жатыр. Оларға қатаң жаза қолданып, тиісті сабақ алу қажет. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мұндай қадам соттарға деген сенімді нығайту үшін жасалып отыр. Сонымен қатар соттар мен сот рәсімдері қазіргі заман талабына сай болуға және азаматтарымыздың, бизнес пен инвесторлардың құқықтарын қорғауы тиіс. Президент мемлекет індетке қарамастан, сот жүйесін жаңғыртуды жалғастыра беретінін атап өтті. Енді осы жаңа нормалардың нақты жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, сот қызметіндегі бюрократияны түбегейлі жою қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осыдан бірер күн бұрын масқара жағдай болды. Жоғарғы сот кеңесінің бұрынғы мүшесі, сондай-ақ аудандық соттың төрағасы болған, 30 жылдық еңбек өтілі бар Жоғарғы соттың судьясы ұсталды. Бұл оқыс оқиға жұрттың бәріне белгілі. Аталған жағдай қоғамды теңселтіп кетті. Жоғары сот кеңесінің және Жоғарғы соттың басшылықтары осы оқиғадан сабақ алып, қажетті шешім шығаруы керек деп ойлаймын. Осы кезең ішінде Сот қазылары алқасының шешімімен 29 судья теріс іс-әрекеттері үшін қызметтерінен босатылған. Жалпы судьялардың қатарын тазалау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқаны байқалады. Бұл үдерісті мүлде тоқтатуға болмайды. Біз судьяларға деген қалыптасқан теріс көзқарасты өзгертуіміз керек. Фемиданың барлық қызметкері заңдылықтың, сатылмайтындықтың, кәсібиліктің үстем құруына қызмет етуі тиіс. Сонда ғана біз құқықтық мемлекет және әділетті қоғам құра аламыз.

Елордада ірі көлемде пара алған Жоғарғы сот судьясы ұсталды.

Бұған дейін бұл мәселеге қатысты Жоғары Сот кеңесі де түсініктеме берген.