Ақтөбеде қоғамдық көлік жүргізушілері жұмысқа шықпай қойды

Ақтөбеде қоғамдық көлік жүргізушілері жұмысқа шыққан жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның салдарынан шаһардағы жолаушылар тасымалы төрт сағаттан астам уақыт иіріліп, тоқтап қалған. Жүзге жуық автобус жүргізушісі мен кондукторлар жалақыларын көтеруді талап етті.

Соңғы жарты жылда жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын бұл мекеме жұмысшылары екінші рет наразылық шарасын ұйымдастырып отыр. Жүргізушілердің талаптары да өзгермеген. Олар жалақы мәселесі мен жұмыс жағдайын жақсартуды тілейді. Айтуларынша, ай сайынғы нәпақа көлемі шамамен 70 мың теңгеден аспайтын көрінеді.

Жандос Жақыпов, қоғамдық көлік жүргізушісі:

- 04:00-де тұрып, 05:00-де осы жерден көлігімді, автобусымды алып шығам. Содан 16 сағат жұмыс істегенде менің алатыным, 21 күнде жұмыс істегенде, желтоқсанда 75 мың теңге ғана шыққан. Оның алдында, ар жағында 30 мың, 40 мың шығуыңа қарай төлейді. Ол аз айлықпен мен отбасымды бағуға мүмкіншілігім болмады, мен сосын осындайға бардым.

Айлықтары шайлықтарына жетпейтін жандар істен шыққан көліктерді де өз қаражатымызға жөндеуге мәжбүрміз дейді. Серіктестік басшылығы болса бұл жағдайды бастан асқан берешекпен түсіндірді. Мекеменің 2018 жылдан бері қордаланған қарызы 800 миллион теңгеге жеткен. Автобустарға қосалқы бөлшектердің дер кезінде сатып алынбауы да сондықтан деп отыр.

Есбол Сатаев, қалалық жолаушылар автокөлік кәсіпорны директорының орынбасары:

- Бүгінге мысалы, жаңа айтты ғой, фередо, сцепление, өзі тұрғысы келмесе, өзі барып алып келеді.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Жолаушылар тасымалы қызметі Ақтөбеде әдетте таңғы сағат 05:00-ден басталатын болса, бүгін бұл мекеменің жүргізушілері 21:00-ге кейін ғана аялдамаларға бет алды. Облыс орталығын айтпағанда, шаһар маңындағы 7 ауыл тұрғындарын қамтитын 17 бағыттың кондукторлары мен жүргізушілері жолаушыларды біраз әбігерге салды. Мәселеге қала басшылығы араласқаннан кейін ғана наразы жандар жұмысқа кірісті.

Асхат Шахаров, қала әкімі:

- Әртүрлі мәселе қызметкерлер айтуда. Жалақы мәселесі, басқа да мәселелер бар. Мына техникалық жағдайына қарасты. Біз қазір комиссия құрып, бухгалтерия болсын, басқа да жағынан болсын өзім толықтай мәселемен танысып жатырмын. Біз тағы да қызметкерлермен кездесіп, нақты жауабын беретін боламыз.

Шиеленген мәселенің шешімі тағы бір мәрте мемлекет қазынасына кеп тірелетін сыңайлы. Себебі шаһар басшысы 2017 жылы тоқтатылған мемлекеттік субсидиялауды қайтадан қарастыруға ниетті. Қалалық мәслихат сессиясының алдағы отырысында депутаттар назарына ұсынатынын да жеткізді. Ал, жүргізушілер болса: «жақын уақытта жалақы көтерілмесе, қайтадан наразылық білдіруге дайынбыз» деп отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков