419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да ұңғыма қазу жөніндегі тендердің кесірінен ауыл халқы ауыз сусыз отыр

  • 172
  • UPD: 21:40, 12.02.2021

Шығыста 2020-2021 жылдары жерасты су қорын зерттеу және ұңғыма қазу үшін өткізілген тендерден бірқатар заңсыздық анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осының кесірінен өңірде әлі ауыз сусыз отырған ауылдар бар.

Қатонқарағай ауданындағы Қайыңды ауылына ұңғыма қазу жөніндегі тендерді ұтып алған мердігер компания 40-50 жыл бұрын жер астына көмілген құбырды көрсете салған. Есесіне, құжат жүзінде жұмыс істелді деп, миллиардтаған теңге алған. Алайда ауыл халқы әлі күнге ауыз сусыз отыр.

Қайыңды – шекараның шебіндегі шағын ауыл. Халық негізінен мал бағып күнелтіп отыр. Талай жыл мал да, жан да суды Бұқтырмадан ішіп келген. Ауылға екі жыл бұрын құбыр тартылып, су берілген. Алайда тұрғындардың қуанышы көпке созылмады. Су бермес бұрын гидрогеологтар жердің астындағы судың қорын зерттейді. Бірақ су көзін барлау жөніндегі тендерді ұтып алған мердігер компания ауылдағы ескі ұңғымаларды жаңғырта салған.

Қайрат Қажиев, Қайыңды ауылының тұрғыны:

- Бұл негізі Кеңес Үкіметі кезінде болған. Одан кейін ол тоқтап қалды ғой. Міне, екі жыл бұрын қайтадан қосты. Құбырды тазалады.

Құбырды тазалағанмен нәтиже болмады. Жоба бойынша Қайыңды ауылында екі жаңа ұңғыма қазуы тиіс еді. Гидрогеологиялық компания мұндай жауапты жұмысты бір-ақ күнде тындырған. Қазіргі санитарлық ерже бойынша ауыз су ұңғымасы ауылдан кем дегенде 1-2 шақырым алыстан қазылуы тиіс. Ал мердігер мекеме елді мекен ішіндегі ескі ұңғыманы жаңғырта салған. Жалпы өңірде жераты суын барлау жөнінде соңғы екі жылда өткізілген тендерге қатысқан компаниялар өзара соттасып келеді. Қайыңдыдағы ұңғыманың ескі екенін сотта екінші бір компания арнайы құрылғының көмегімен дәлелдеп берді.

Әділет Ыбышев, инженер-геофизик:

- 19-шы метрде ескі құбыр және кабель жатыр. Бұрыннан қалған су құбыры. Құбырдың жағдайына қарасақ, Кеңес заманында жасалған.

Кеңес заманында жасалғанын дәлелдеу үшін 2 рет сот отырысы өтті. Екі отырыста да сот тендерді өткізу кезінде заңсыздық болды деп шағымданған компанияның пайдасына шешім шығарды. Яғни тендердің заңсыз өткенін және оны ұтып алған мердігер жұмысты құжат жүзінде ғана істеп, шын мәнінде мүлде ұңғыма қазбағанын да дәлелдеп берді. Ал тендерді өткізуге жауапты басқарманың басышылары жұмыс нәтижелі істелді деп отыр.

Арман Есентаев, облыстық табиғат пайдалану басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінгі күні нәтижесі бойынша жаңағы «Востказнедроға» тапсырылған есептер. Жұмыс ол технологиялық процесс қой. Гидрологтар бақылайды. Жұмыс атқарылып бітірілген.

Жұмыс атқарылып біткенімен, оның сапасы мен тендерге қатысты дау әлі ұзаққа созылатын түрі бар. Облыстағы ішікі аудит департаменті де конкурс өткізу кезінде заңсыздық болғанын анықтаған. Ал ұңғыманың сапасын күн жылынған соң тексермек.

Жәния Жүмжіменова, облыстық мемлекеттік ішкі аудит департаменті басшысының орынбасары:

- Департамент өндірісінде хат жатыр. Геологиялық барлау жұмыстарының орындалуы қаншалықты екенін тексеруге қатысты. Бірақ департамент тарапынан ол хат бойынша шаралар қабылданған жоқ. Себебі ауа райы жағдайына байланысты. Кейінірек сәйкес ауа райы туындаған жағдайда жұмыстардың нақты атқарылған көлеміне тексерістер жүргізілітен болады.

Тексеріс жүргізілуін Ұлан ауылындағы Айыртау ауылының тұрғындары да күтіп жүр. Ірі елді мекендегі ескі құбырдың  былтыр жаңаланғаны үшін 16 миллион теңге бөлінген. Бірақ тұрғындар ауыз суды әлі ауыл шетіндегі бастаудан тасып ішіп отыр. Себебі орталық құбырдың суы сапасыз.

Сәулет Иманбаева, Айыртау ауылының тұрғыны:

- Тұзы көп, ішуге жарамайды. Сүт іріп кетеді. Мал суаруға, моншаға пайдаланады.

Жалпы соңғы 6 жылда аймақтағы 263 ауылда жерасты суын барлау жұмыстары жүргізілді. Бұған бюджеттен 1 миллиардтан аса теңге бөлінген. Осы қомақты қаржыға мердігерлер таласып, соттасып жүргенде ауыл тұрғындары өзен жағалап, сапалы ауыз суға жарымай отыр.

Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов, Дмитрий Пыхтин

 

Хабар 24 телеарнасы