Елімізде көктайғақ салдарынан жарақат алғандар көбейді

Елдің бірнеше өңірінде ондаған адам көктайғақтан зардап шегіп, ауруханаға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәрігерлердің айтуынша, олардың дені жеңіл жарақат. Алайда көшеде тайып құлап, қол-аяғын сындырғандар да аз емес. Тіпті операция жасатқандар да бар.

Батыс Қазақстан облысында күн күрт жылынып, жаңбыр жауды. Соның салдыранын еріген қар қатып, көшелерді көк мұз басты. Қала ішінде көліктің де, адамның да жүрісі қиындады. Тайып құлап, жарақат алған тұрғындардың саны артты. Облыстық көпбейінді аурухананың травматология бөліміне кешеден бері 150 адам жеткізілсе, соның жартысына жуығы көктайғақтан зардап шеккендер. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы қазір жақсы. Ауруханада ем-дом алып жатыр. Күннің күрт құбылуына байланысты мамандар оралдықтарға көшеге көп шықпауды ескертті.

Ақылбек Мақаев, облыстық көпбейінді аурухананың бөлім меңгерушісі:

- Бүгін көп түсіп жатыр, иә. Жаңа осы бір 4 сағаттың ішінде 35 науқас келіп түсті. 35-тің 28-і көктайғақ кесірінен келіп түскен. Әртүрлі жарақаттар, ол жаңағы, қол-аяқ жарақаты, кеуде жарақаты, бас жарақаты. Кейбір науқастар стационарға жатқызылды, травматология және нейрохирургия бөлімшесіне жатыр. Сонда қазір ем алуда.

Ертіс өңіріндегі жағдай да осыған ұқсас. Павлодар қаласындағы №1 емхананың жарақаттар бөлімінің 85%-і қол-аяғы зақымданған науқасқа толды. Ресми дерек бойынша бір тәулікте дәрігерлердің көмегіне 70-тен астам адам жүгінсе, оның 46-сы көшеде тайып жығылған. Сырғанақ тебемін деп аяғын зақымдағандар да бар. Олардың кейбіріне операция жасалды. Қалғанына тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. 

Кеңес Ақылжанов, дәрігер:

- Мұз басқан кез келген жер қауіпті. Ондай учаскелерді айналып өткен жөн. Жарақат алғандардың көбі аулаларда, сырғанақтарда және өзге де қоғамдық жерлерде құлап жатады. Адам осындай жағдайға тап болса, жарақат орнын суық затпен басу керек. Дәрігердің көмегіне тез арада жүгінген жөн. Себебі, жарақат асқынып кетеді.

«Қазгидромет» өкілдері алдағы 3 күнде Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын қалың тұман тұмшалап, көшелерді көк мұз басады деп болжап отыр. Осыған байланысты көлік қозғалысы қиындауы мүмкін. Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарындағы күн райы да бірнеше күн бойы қолайсыз болады. Мамандар бұл күндері тұрғындарға қала немесе елді мекен сыртына шықпауға кеңес береді.