Ауыр атлетші бес жылдан бері әкімдік сыйға тартқан пәтерді өз атына аудара алмай жүр

Петропавлда ауыр атлетші Айдар Қазов бес жылдан бері әкімдік сыйға тартқан пәтерді өз атына аудара алмай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

2016 жылы сол кездегі облыс әкімі Ерік Сұлтанов Азия чемпионатында жұлдыздай жарқыраған спортшыға жаңа пәтердің кілтін табыс еткен.

Алайда зіл темірші құжаттарын сол күйі рәсімдей алмайды. Оған не себеп?

Самат Қайырденұлы, тілші:

- 2016 жыл. Тамыз айы. Айдар Қазовтың экс-әкімге алғысын айтып, сұхбат беріп тұрған сәті. Бірақ спортшының бұл қуанышы көпке созылмады. Себебі шенеунік сыйлаған пәтер құрылыс компаниясының меншігінде, әрі ол сол кезде банкте кепілде тұрған.

Кейін уақыт өте келе фирма басшысы әкімнің тапсырмасын орындау үшін зілтеміршіге басқа үйден пәтер берген. Бірақ Айдар кейіннен оның да сатылып кеткендігін естіген.

Айдар Қазов, ауыр атлетикадан Азия чемпионы:

- Мақұл деп екінші пәтерге көштік. Өз ақшама жөндеу жасадым. Жарты жылдай тұрдық, Шетелде жаттығуда жүргенімде қарындасым хабарласып, үйге адамдардың келгенін айтты. Қолдарында «баспананы 10 күннің ішінде босатуларың керек» деген қағаздары болған.

Ең бастысы, Айдар ешкімнен баспана сұрамаған. Тек Қазақстанның атын әлемге әйгілеген соң жергілікті шенділер, осылайша, құрмет көрсетпек болған. Бірақ артық қыламын деп тағы да тыртық қылды.

Айдар Қазов, ауыр атлетикадан Азия чемпионы:

- Жергілікті әкімдікке барып, мән-жайды түсіндірмек болдық. Ондағылар Сұлтанов та, Авдеевте жоқ. Қазір басқа адамдар екенін айтты. Осылайша, қайтадан алып қойды.

Осы сұрақ бойынша біз құрылыс компаниясының басшысымен телефон арқылы сөйлестік. Кәсіпкер мәселені былай түсіндірді.

Александр Авдеев, құрылыс компаниясының басшысы:

- Әкімдіктегілер бұл үй үшін кейін есеп айырысамыз деп мені сендірді. Бірақ олар ақшаны төлегісі келмеді ме, төлей алмады ма, ол белгісіз. Соңында менің компаниям банкротқа ұшырады. Салдарынан спортшы сан соғып қалды. Өкінішті, әрине.

Ал қызығы қалалық әкімдіктегілер бұл мәселеге еш қатысымыз жоқ деп ағынан жарылды. Бірақ Айдарға мұның орнына ескі үйден бір бөлмелі қызметтік пәтер ұсынған. Коммуналдық қызметтің ақысы төленбегендіктен мұнда жарық, газ, тіпті су жоқ.

Асқар Хабибулин, қала әкімінң орынбасары:

- Біріншіден, әкімдік берген ол пәтерге ешқандай қатысымыз жоқ. Әкімдіктен қаржы ол пәтерге бөлінген жоқ. Екіншіден, 2019 жылы спорт басқармасынан бізге ходатайство түсті. Сол ходатайство бойынша біз Қазовқа бір қызметтік бөлме бердік. Тегін пәтер ол Олимпиада чемпиондарына, паралимпадалық, сол Олимпиадаға қатысқан кісілерге беріледі.

Бұл өңірде мұндай алғашқы жәйт емес. Осыдан он шақты жыл бұрын сол кездегі облыстың әкімі болған Серік Біләлов қазақ театрының әртістеріне он пәтер сыйлаған. Өнер адамдары оны сол күйі өз аттарына аудара алмай қалды. Енді көктемде баспаналарды босатуға мәжбүр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Анастасия Вылегжанина, Радик Джакупов, Төлеген Иманов