Алматыдағы шаруашылықта ауырған арыстан зообаққа орналастырылған жоқ

Алматының іргесіндегі шаруа қожалығынан табылған арыстанды Алматы хайуанаттар бағына орналастыру оңай болмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Өйткені аңның жағдайы нашар», - дейді зообақтың мал дәрігерлері. Бел омыртқасы қисайып, қаны азайған әрі іші ісінген. Бұдан бөлек, аң патшасының псевдо-туберкулез, листериоз сынды қауіпті бактериалдық инфекцияларға шалдыққаны анықталды. Ал оның ағзасынан алынған сынамалар Мәскеудегі зертханаға да жіберілген. Нәтижесі бір аптадан кейін белігілі болады. Жыртқышты карантинге алып, дәл диагноз қою үшін рентген мен ультрадыбыстық зерттеу жасап, емдеу қажет. Арыстан толық жазылмайынша хайуанаттар бағына жеткізу қауіпті. Себебі инфекция тарап, зообақтағы 380 жануарға жұғуы мүмкін. Әзірге оның жағдайын «Жануарларды қорғау» қоғамдық ұйымы қадағалайтын болады.

Ағыбай Әжібаев, «Алматы хайуанаттар бағы» РКҚМ директорының орынбасары:

- Біз алмаймыз деп тұрған жоқпыз әзірше. Алдағы уақытта белгілі болады. Өйткені емі қандай болады. Егер де жасаған емдері көмек берсе, тазарып шықса егер... Алматыда лаборатория көп қой. Біз соған лабораторияға қайтадан көреміз. Емдеу курсы дейді ғой. Сонысын жасап болғаннан кейін егер де нәтижесі дұрыс болып жатса, онда біз жануарды алуға қарсы емеспіз.

Алматыдағы шаруашылықта арыстан ұстаған адам жауапқа тартылады