Салалық менеджерлер экономиканы дамыту бойынша 150 бастама көтерді

«Ел үміті» жобасына қатысушылар экономиканы дамыту бойынша 150-ден астам бастама әзірледі.

Бұл туралы салалық менеджерлерді даярлау бағдарламасына қатысушылардың форумында айтылды. Онлайн жиынға Үкімет басшысы Асқар Мамин және ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, менторлар және экономика мен әлеуметтік саланың мамандары қатысты. Салалық менеджерлерді даярлау мақсатындағы бағдарлама былтыр басталды. Оған 3 мыңдай үміткердің ішінен 234 сарапшы таңдалды. Ал ментор ретінде отандық және АҚШ пен Еуропа елдерінің мемлекеттік және жеке секторларынан 64 маман қатысты. Жыл ішінде олармен 50-ге жуық бетпе-бет кездесу ұйымдастырылып, салалық менеджерлерді дамыту тәсілдері талқыланды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Салалық менеджерлердің әрбір ұсынысын тиісті мемлекеттік органдар егжей-тегжейлі қарады. Әр сала бойынша жол карталары әзірленді. Енді біздің басты міндетіміз – олардың іс жүзінде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. Міндеттердің басым бөлігі осы жылдың соңына дейін орындалуы тиіс.